Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы ШЫҰ саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы ШЫҰ саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бішкекте өтіп жатқан ұйым саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Шанхай ондығына» ортақ басым бағыттарды атады. Оның ішінде сауда мен инвестициялық байланысты кеңейтуге баса мән берді. Президенттің сөзінше ұйым елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтады. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы  қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтары негізінде трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды. Сондай-ақ Еуразияның заманауи көлік-логистикалық желісін қалыптастыруды жеделдетуге шақырды. Мемлекет басшысы жаңа технологиялық жүйе құруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы  озық шешімдер қабылдауды талап етеді. Сонымен қатар Президент Қырғызстанның ұйымға төрағалығына жоғары баға берді.
Саммитке Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Иран президенттері, Қытай төрағасы және Үндістан мен Пәкістан премьер-министрлері қатысып жатыр. Күн тәртібінде қауіпсіздік, сауда, инвестиция, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мәселелері бар. Саммит қорытындысында Бішкек декларациясы қабылданады деп жоспарланған.


Бөлісу