Мемлекет басшысы Ресей президентімен кездесті
Бішкекте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мерейтойлық саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастық қарқынды сипат алғанына назар аударды. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Владимир Путин Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға байланысты көптеген мәселені шешуге бағытталған стратегиялық бағдары кеңінен қолдау тапқанын растайды. Қазақстан Президенті құттықтауы үшін ризашылығын білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді.
Владимир Путин, Ресей президенті:
Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы