Басты Жаңалықтар Көшпенділер ойыны жалауын желбіретті

Көшпенділер ойыны жалауын желбіретті

Дәл қазір Қырғызстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты өтіп жатыр. Ел астанасы Бішкектегі ресми рәсімге мәртебелі меймандар қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Дүбірлі дода биыл несімен ерекшеленбек? Қазақстандық спортшылардың әзірлігі қандай?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бішкек арена. Су жаңа стадион сән салтанатымен және архитектурасымен тамсандырады. Барша түркі халқы мен көшпенділерге ортақ мұра киіз үй пішінінде салынған. Яғни әлемдегі ең үлкен боз үй. Диаметрі - 280, биіктігі - 70 метр. 51 мың көрермен емін-еркін сияды. Осылайша Орталық Азиядағы ең алып стадион атанып отыр. Бүгін дәл осы алаңда көшпенділер ойынының ашылу салтанаты өтеді.

Стадион маңайы мен қалада да қауіпсіздік талаптары қатаңдаған. Полицейлер қатары көбейіп, жолдар жабылып, алаңға ағылған жұрт жіті тексеріліп жатыр. Көшпенділер ойынына қызығушылық жоғары. Ақпарат тарату үшін мыңға жуық журналист тіркелген.

Лили Энн, журналист:

Көкпар жарысына АҚШ командасы да қатысады. Құрамындағы кейбір спортшылар Юта штатынан келген ковбойлар. Алдыңғы жылдары олардың нәтижесі аса жақсы болмаған еді. Бірақ биыл командаға Қырғызстаннан кәсіби жаттықтырушы шақырыпты. Сондықтан бұл жолы АҚШ құрамасы жақсырақ өнер көрсетеді деп сенеміз.

Айырқалпақты ағайын жарысқа тыңғылықты дайындалған. Бішкекте бірнеше жылдан бері құрылыс қарқынды. Стадионмен қатар жолдар жөнделіп, абаттандыруға көп көңіл бөлінді. Көшпенділердің бай мәдениетімен танысу үшін жер жүзінің түкпір-түкпірінен туристер арнайы Алатау баурайына ат басын бұрған.

Сабин Фелдьдбергер, турист:

2016 жылдан бері Көшпенділер ойындарын қызыға тамашалап келеміз. Телеарнадан осы жарыстар туралы деректі фильмдерді де көрдік. Ұлттық спорт түрлері өте қызықты әрі тартысты өтеді. Сондықтан Көшпенділер ойындарын бір рет болса да, өз көзіммен көру менің көптен бергі арманым еді. Биыл сол арманым орындалып, Бішкекке келудің сәті түсті.

Ашылу салтанатын он шақты елдің президенттері тамашаламақ. Мәртебелі қонақтар қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бар. 51 мың көрермен емін-еркін сиятын алып арена лық толған.

Ұлттық спорт түрлерін әлемге әйгілейтін сайысқа биыл  100-ге жуық елден 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 43 спорт түрі бойынша 69 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ең тартысты бәсеке, әрине, көкпар сайысы болмақ. Ашылу салтанатында да көк Туымызды команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек ұстап шықты.

Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны:

Үш ай көлемінде болды оқу-жаттығу. Азамат деген бауырымыз дене жаттығуларын жасатумен болды. Кейінгі жаттығулар Ұзынағашта болды. Ыстықкөлмен ауа райы жақын болғандықтан. Қырғызға барса, қазақ жеңіліп жүрген, қазаққа барса, қырғыз жеңіліп жүрген. Бастысы - бір айта кететіні, бейтарап аймақта ойнаған болатынбыз. 2022 жылы Түркияда. Сол жерде ақтық сайысқа дейін барып, 3:4 есебімен біз ұтқанбыз.

Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасы дүбірлі додаға үлкен дайындықпен аттанды. Құрама сапында 150-ден аса спортшы, 50-ге жуық жаттықтырушы бар. Команда биыл да бас жүлдеден үмітті.

Диас Ахметов, Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері:

Дәстүрлі садақ атудан алдыңғы көшпенділер ойынында 8 алтын ойнатылған болса, 8 алтынды әртүрлі мемлекет иеленді. Бұл біздің қарсыластарымыздың мықты екенін көрсетеді. Басты қарсылас әрине қырғыз елінде өткендіктен, Қырғызстан спортшылары болады, әрине. Түркия, Мажарстан, Малайзия елінің садақшылары өте жақсы дайындалған.

Иә, осылайша бауырлас халықтар ортақ тарихын, мәдениетін ұлықтай отырып, спорт алаңында өз елінің намысын қорғайды. Негізгі сайыстар Ыстықкөл жағасында өтеді. Байрақты бәсеке бір аптаға жалғасып, 6 қыркүйекте түйінделмек.

Бөлісу