Басты Жаңалықтар Ресейде қазақ мәдениетін дәріптейтін жүзден аса шара өтті

Ресейде қазақ мәдениетін дәріптейтін жүзден аса шара өтті

Соңғы үш айда Ресейде қазақ мәдениетін дәріптейтін 100-ден астам шара өтті. Оған биыл тек қандастар емес, қазақ дәсүріне қызығатын өзге ұлт өкілдері де қатысты. Басты мақсат – салт-дәстүріміз мен мәдениетімізді кеңінен насихаттау.
Думанды шараларда жас та, жасамыс та өз өнерін көрсетіп келеді. Бұл күндері Ресейдің бірнеше өңірінде қазақтың әні шырқалып, күйі күмбірлеп жатыр. Мың бұралған бишілер де өнерін ортаға салды. Жалпы Ресейде соңғы екі жылда қазақ ұлттық ансабльдерінің  саны артқан. Қала орталығы мен аудандарда  домбыра үйірмелері қайтадан жұмысын бастады. Ұлттық қолөнер шеберлері де  туындыларын көрмеге қойып, жұртты тәнті етіп жүр.
Қалима Сағындықова, Қазақ ұлттық мәдение автономиясының мүшесі:
Осындай ауқымды шараға қатысушы ретінде екінші рет қатысып жатырмын. Өз қолөнер бұйымдарымды алып келдім. Мұндай мерекелерде өзге өңірлерден келген қазақтармен танысып, бірлігіміз артады. Өте қуаныштымын.
Жалпы Ресейде алты жүз мыңға жуық қазақ тұрады. Ең көп шоғырланған аймақтар Омбы, Астрахан облысы және Түмен. Түмендегі қандастар соңғы бірнеше жылда қазақ тілін оқытып, қандастардың тарапынан ана тіліне қызығушылық артқан. Олар тарихи Отанымызбен байланысты үзгіміз келмейді, дейді. Сондықтан әр облыста қазақ мәдени ұйымы жұмыс істеп тұр.
Аман Самаев, Түмен облысының тұрғыны:
Бұл біз үшін үлкен мерекелердің бірі, арнайы дайындықпен келдік. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, мықтылар анықталды. Бүгін бәйгеге өз сәйгүлігімді қостым.
Қазақ мәдениетінің күндері аясында ең белсенді қандастарымыз марапатқа ие болды. Енді ізгілігі мол мәдени шара аудандарда жалғасады.

Бөлісу