Басты Жаңалықтар Президент: Еліміз аса маңызды кезеңге аяқ басты

Президент: Еліміз аса маңызды кезеңге аяқ басты

Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Құрылтайдың бірінші сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы жаңа заң шығарушы органға зор жауапкершілік жүктелгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Сондай-ақ Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында жасақталатынын хабарлады. Ал Вице-Президент пен Премьер-Министрдің кандидатуралары қашан ұсынылады? Жаңа Құрылтай алдында қандай маңызды міндеттер тұр? Тілшіміз тарқатады.

Алғашқы сессия. Тарихи жиын. Құрылтайдың құрамы толық жасақталып, 145 депутат бүгін бір залда бас қосты. Алдағы міндет сайлаушы сенімін ақтап, түйіткілді мәселелердің шешімін табу.

Ал Ауыл партиясының ондығы жиынға бірге келді. Олар мінберден өңірлерді алаңдатқан өзекті мәселелерді көтеруге ниетті.

355 күн бұрын дәл осы залда Мемлекет басшысы бір палаталы парламент құруды ұсынған еді. Саяси реформалар сәтті жүзеге асып, Құрылтай құрылды. Президент бұны ел жылнамасының жаңа парағы деп бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу ең алдымен, ерекше сәт. Бұл үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін.

Президент сайлаудың әділ өткенін айтып, елдегі ауқымды реформаларға тоқталды. Ішкі мәселелермен шектелмей, әлемдегі құбылмалы ахуал мен оның Қазақстанға ықпалына да назар аударды. Мемлекет басшысы жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып келе жатқанын айтты. Сондықтан елдегі реформаларда бүгінгі ғана емес, келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер  барынша ескерілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл елеулі жетістік.

Аумалы-төкпелі уақыттағы басты міндет - азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Қазір Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналып отыр. Оған әрине қомақты қаражат қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды.

Президент әлеумет пен руханият мәселесіне де тоқталды. Қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды деп тағы бір мәрте осы мәселеге назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.

Президент Құрылтай алдында тұрған маңызды міндеттерді атады

Президент Құрылтай алдында тұрған негізгі үш міндетке тоқталды. Ең әуелі жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.

Сонымен қатар, Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі қажет. Заңнамалық сараптаманың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдану ұсынылды. Президент Құрылтайды қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналдыру қажет деді. Алғашқы сессияда қабылдануы тиіс бірқатар маңызды құжаттар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Президент Құрылтайға үлкен жауапкершілік жүктеп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Халықтың депутаттарға  зор сенім артып отырғанын айтып, мандаттың міндеті мен салмағын еске салды. Ал вице-президент пен премьер-министрдің кандидатурасын Мемлекет басшысы заң шығарушы органның барлық құрылымы жасақталған соң ұсынбақ. Жауаптылар өз орнына жайғасқан соң Президент жыл сайынғы жолдауын жариялайды. Осылайша осы күзде еліміздің саяси өмірі қыз-қыз қайнап, жұмыс жандана түспек.


Бөлісу