Басты Жаңалықтар Президент Құрылтай алдында тұрған міндеттерді атады

Президент Құрылтай алдында тұрған міндеттерді атады

Президент Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді атады. Мемлекет басшысы алғашқы сессияда сөз сөйлеп, басым бағыттарға тоқталды. Біріншіден, жаңа Конституция нормаларына сәйкес ел заңнамасын қайта саралап, қажетті түзетулер енгізу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев әр саладағы заңдар Ата заң қағидаттарына толық сай болуға тиіс екенін айтты. Екіншіден, Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі қажет. Президент заңның әр нормасы азаматтардың өміріне тікелей әсер ететінін еске салып, құжаттарды жан-жақты талқылауға шақырды. Заңнамалық сараптаманың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдану ұсынылды. Осы мақсатта қазір «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Жаңа платформа цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстырып, заңнамалық тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік бермек. Президент Құрылтайды қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналдыру қажет деді. Үшіншіден, депутаттар алғашқы сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы тиіс. Олардың қатарында жасанды интеллектіні орта білімге енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты бастамалар бар. Сондай-ақ «Алтын виза» тетігін енгізу және көші-қон саясатын жетілдіру бойынша заң жобалары қаралады. Бұдан бөлек, Үкімет биыл «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын Құрылтайға ұсынуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес.Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді.


Бөлісу