Басты Жаңалықтар Әлемдік классика жауһарлары – қазақ сахнасында

Әлемдік классика жауһарлары – қазақ сахнасында

«Венадан Буэнос-Айреске дейін». Алматыда классикалық музыка сүйер қауымға ерекше кеш ұсынылмақ. Ертең, яғни, 27 тамыз күні өтетін концертте әлемдік музыканың жауһарлары орындалады. Бір сахнада халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Ерасыл Хамит пен дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін танымал оркестр өнер көрсетеді. Толығырақ Жазира Оразқызы баяндайды.

Жазира Оразқызы, тілші:

Ерекше музыка кеші көрерменді Венаның классикалық әуезінен Буэнос-Айрестің отты ырғағына дейінгі әсерлі сапарға жетелейді. Бағдарламаға Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген. Бұл дәстүрлі классика мен Латын Америкалық музыканың бояуын тоғыстыратын айрықша кеш болмақ.

Салтанат Қадырсейітова, скрипкашы, Ерасылдың анасы:

Ерасылдың әкесі мен анасы ретінде осы концертке қатысуымыз өте қуанышты. Ерасылдың кішкентай кезінен бастап скрипкада үйрене бастағанда, арманымыз болатын бірге ойнасақ өскенде. Сол арманымыз орындалып жатыр.

Жазира Оразқызы, тілші:

Ерасыл Хамит – халықаралық сахнада танылып келе жатқан талантты қазақстандық скрипкашы. 2025 жылы Испаниядағы CullerArts байқауында І орын иеленіп, Рим Папасы Францискке жеке концертін ұсынған. Ол Вена, Зальцбург, Токио, Санкт-Петербург және Мәскеудің әйгілі концерт залдарында өнер көрсеткен. Жас музыканттың мұндай жетістігі қазақ өнерінің әлемдік деңгейдегі орнын айшықтағандай.

Ерасыл Хамит, скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты:

Қазақстанда алғаш рет осындай ауқымды концерт өткізетініме қуаныштымын. Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп жүрсем де, туған жерім әрдайым өзіне тартып тұрады. Ертеңгі концертте тыңдармандарға ерекше әсер сыйлап, есте қаларлықтай әдемі кеш болатынына сенімдімін.

Жазира Оразқызы, тілші:

Ертеңгі музыкалық кеш ұлттық өнердің жаңа буыны мен әлемдік классиканың арасындағы алтын көпір іспетті. Сахнада кәсіби шеберлік, жас талант пен ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпаған музыкалық мұра тоғысады. «Венадан Буэнос-Айреске дейін» кеші өнерсүйер қауымға мазмұны терең, әуені әсем музыкалық саяхат сыйлайды. Айтпақшы, концертті тегін тамашалауға болады. Ендеше, ертең ғажайып кештің куәсі болыңыздар!


Бөлісу