Президент: Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі
Мұғалімдерді қағазбастылықтан және пайдасыз тексерістерден босату керек. Педагогтердің аттестациядан өткізу талаптары да қайта қаралады. Қыркүйек қарсаңындағы дәстүрлі тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Білім беру жүйесіндегі реформаларды асығыс жүргізбеу керектігін де ескертті. Әрбір өзгеріс алдын ала жан-жақты сараланып, тиімділігі дәлелденуі қажет деді. Кадр тапшылығы, оқулықтардың сапасы, жасанды интеллектіні енгізу сынды мәселелер де қаузалды. Жаңа оқу жылында мұғалімдерді қандай өзгерістер күтіп тұр? Жиында тағы қандай маңызды ұсыныстар айтылды? Шерхан Жамбылұлы тарқатады.
Тамыз конференциясы ұстаздар үшін басқосу ғана емес, тәжірибе алмасатын дәстүрлі алаңға айналған. Естелік суретке де түсіп, жаңа оқу жылындағы сабақтың жайын да талқылап жүр. Өйткені жыл санап ұстазға қойылатын талап та өзгеріп келеді.
Гүлбарам Наурызбаева, ардагер ұстаз:
Қазіргі балалар кітапты аз оқиды. Сосын рухани құндылықтарды сіңіретін бірінші отбасы, содан кейін ұстаздың үлкен жауапкершілігі деп санаймын. Бүгінгі таңда біздің ұстаздарымыз бойынан көшбасшылық қасиеттерді көрсете білуі керек. Шын мәнінде де ол көшбасшы болуы керек. Екіншіден, шын мәнінде тұлға болу керек.
Арнайы көрмеде педагогтерге жаңа технологияның мүмкіндіктері көрсетілді. Мәселен, жасанды интеллект сабақты талдап, мұғалімге өз жұмысын жетілдіруге көмектеседі.
Қарлығаш Рымжанова, компания өкілі:
Дыбысты аналитика арқылы сабақты 9 әдістемелік бағыт бойынша талдау жасап береді. Талдау арқылы ұстаздардың деңгейін көтеруге болады. Яғни жүйе сабақ жазғаннан кейін сізге ұсыныс беріп отырады.
Мемлекет басшысы да алаңды аралап көрді. Президентке «Талдау орталығының» жұмысы және инновация саласындағы оқушылар жетістіктері таныстырылды.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі. Президент алғысөзді осылай бастады. Жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Дегенмен Мемлекет басшысы салада шешімін күткен мәселелер әлі де бар екенін айтты. Ең әуелі кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет. 5 мың мұғалім тапшы. Аттестация талаптарына да сын көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім.
Дегенмен кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Президент өзгерістер мұғалімдерді шаршатпауы керектігін айтты. Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты да жою қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын. Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз.
Мектеп оқулықтарын тексеру барысында 700-ден астам өрескел қате анықталған.
Оның ішінде мысалға облыстарымыздың дұрыс белгіленбеуі, жас ерекшеліктеріне сәйкес келмеуі, тарихи даталардың дұрыс болмауы секілді 700 өте өрескел қателер деп айтуға болады. Сондықтан біз кезең-кезеңімен жаңа оқулықтарды басуды бастап кеттік. Қазір 7-11 сынып оқулықтары жаңадан басылып, оның ішінде бүкіл қателіктер ескерілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға бағытталған фаст-фудтың агрессивті жарнамасына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке оның денсаулыққа әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырды. 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті.
Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарының тиісті деңгейде орындалмағанын сынға алды. Балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс әрі жүйелі қолдану тәртібін шұғыл әзірлеуді тапсырды. Ұстаздар алдында 45 минут сөз сөйлеген Президент жиын соңында үздік ұстаздарды марапаттады.
Мереке Кенжебекова, биология пәнінің мұғалімі:
Егер де маған екінші өмір берілетін болса, мен қайта мұғалімдікті таңдар едім. Мен өзімнің кәсібімді сүйемін, мен биологиямды сүйемін. Сенен тәрибе алып отырған оқушыларың Қазақстанның бір жақсы азаматы болғанының өзі жетістік емес пе?! Президенттің қолынан марапат алып тұрғанда менің 33 жылым босқа кетпегіне қуандым.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сөз соңында Президент білім беру саласы ел прогресінің негізгі шамшырағы болуы керек деді. Бірақ сапалы білімнің өзі жеткіліксіз. Мектептен Отанын қадірлейтін, заңды білетін, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиеленіп шығуы керек. Алайда бұл міндетті тек ұстазға жүктеу дұрыс емес деді Мемлекет басшысы, оған тұтас қоғам атсалысуы қажет екенін де еске салды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы