Басты Жаңалықтар Мұғалімдер аттестациясының талаптары өзгереді

Мұғалімдер аттестациясының талаптары өзгереді

Білім саласындағы кадр тапшылығын жойып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Тамыз конференциясына қатысып, саладағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Президенттің айтуынша, қазір елімізге 5 мыңнан астам педагог керек. Халық санының өсуі және жаңа мектептердің көптеп салынуы мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан министрлік кадр тапшылығын шешудің жаңа тәсілдерін ұсынуға тиіс. Мемлекет басшысы білім саласындағы реформаларды асығыс жүргізбеу керектігін де ескертті. Әрбір өзгеріс алдын ала жан-жақты сараланып, тиімділігі дәлелденуі қажет. Реформа мұғалімдерді қажытып, оқу жүйесіне қосымша салмақ түсірмеуі тиіс. Бұл талап педагогикалық жоғары оқу орындарының жұмысын қайта қарау кезінде де ескерілуі керек. Жиында мұғалімдердің аттестациядан өткізу талаптары да сөз болды. Президенттің пікірінші оны оңтайландыру қажет.  Себебі артық жүктемеге шағымданған мұғалімдердің қатары көбейген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. Осыған орай мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім.


Бөлісу