Тәуелсіз бақылаушылар: Сайлау үдерісі ұйымдасқан түрде өтті
Бүгінгі Құрылтай сайлауы барлық талапқа сай өтті және ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді. Алматыда баспасөз жиынын өткізген тәуелсіз байқаушылар сайлау үдерісіне оң баға берді. Ақпараттық штаб таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмыс істеп, еліміздің 20 аймағындағы бақылаушылармен тікелей байланыс орнатқан. Штаб жетекшісі Рафаэль Гасановтың айтуынша, өңірлік сайлау комиссияларының жұмысы ұйымдасқан түрде өтіп, учаскелер дауыс берушілерді қабылдауға тиісті деңгейде дайындалған. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті барлық жағдай жасалған. Алматы қаласында тәуелсіз бақылауға шамамен 100 адам жұмылдырылған. Ал «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының Алматы филиалы бақылаушыларын сайлау науқанына бір ай бойы арнайы оқытып, олардың құқықтық және тәжірибелік дайындығын күшейткен. Диана Малаеваның айтуынша, бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі ахуалды қадағалап қана қоймай, туындаған мәселелерді тіркеп, тиісті ақпаратты штабқа жеткізген. Бақылаушылар енді сайлау күнінің нәтижелерін саралап, орын алған жағдайлар мен ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізуге кірісті.
Рафаэль Гасанов, Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабының жетекшісі:
Тәуелсіз бақылаушылар штабы таңғы 7:00-ден бастап еліміздің 20 аймағындағы әріптестерімен тікелей жұмыс істеді. Бақылаушылардың мәліметінше, сайлау учаскелерінде тәртіп бұзушылықтар тіркелмеген, учаскелер талапқа сай дайындалған. Алматыдағы бірқатар сайлау учаскелерінде сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын байқадық. Бұл – жақсы үрдіс, тәуелсіз байқаушылар кейбір учаскелерде кезек қалыптасқанын да атап өтті.
Диана Малаева, «Dauys» қоғамдық бақылаушылар коалициясы алматы қалалық филиалының басшысы:
Еліміз үшін маңызды күні сайлау учаскелерін тәуелсіз бақылаушылармен толық қамтыдық. Сайлау алдында бақылаушылар бір ай бойы саясаттанушылар, саяси технологтар мен заңгерлердің қатысуымен арнайы оқыту курсынан өткен. Алдағы уақытта коалиция сайлау қорытындылары мен ықтимал тәуекелдерге талдау жасап, бақылаушылардың кәсіби деңгейін арттыру жұмысын жалғастырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы