Басты Жаңалықтар 670 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды

670 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды

Алматыда дәл қазір 670 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Олар дауыс берушілер үшін сақадай-сай. Қазір учаскелердің бірінен алматылық әріптесім Жазира Оразқызы тікелей эфирге қосылады. Жазира, қайырлы таң! Алматылықтар дауыс беруді бастап кетті ме?

Жазира Оразқызы, тілші:

Қайырлы таң, Алла! Алматыда да Құрылтай сайлауына дауыс беру басталды. Мен дәл қазір №538 сайлау учаскесінде тұрмын. Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, алып шаһарда 9 аумақтық комиссия , сондай-ақ 670  учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын бастады. Қалада сайлауға қатысуға құқығы барлар саны 1 млн 329 мың адам. Олар бүгін таңғы 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс беріп, өз таңдауын жасайды. Әрине, бүгін ел үшін маңызды, айтулы, тарихи  күн. Комиссия  мүшелері әрбір алматылық өз таңдауын жасап, елдің болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді деген ойда. Дауыс беру учаскелерінде ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Учаскелер талапқа сай жабдықталған. Алматы әкімдігі жүріп-тұруы қиын азаматтарға «Инватакси» қызметін ұсынады. Сайлау күні 170 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетеді. Оның 36-сы арнайы жабдықталған көлік болса, 134-і  - жеңіл автокөлік. Қазірдің өзінде учаскелерде әр жастағы азаматтарды көруге болады: жастар да, аға буын өкілдері де өз азаматтық парызына адалдық танытып, дауыс беріп жатыр.

Жазира Оразқызы, тілші:

Қала тұрғындары тізімде бар-жоғын тексеріп, учаске мекенжайын бірнеше тәсілмен біле алады. Мысалы, бірыңғай 109 Call-орталыққа хабарласып немесе онлайн-сервис және Telegram-бот қызметтері арқылы ақпарат ала алады.  Ал біз күні бойы ақпарат таратамыз.


Бөлісу