Президент БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісін қабылдады
Елімізде волонтерлер саны 300 мыңға жақындады. Бұл туралы Мемлекет басшысы БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдауы кезінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның волонтерлік бастамаларын дәйекті түрде қолдағаны үшін және Астанада өтіп жатқан ТМД волонтерлер форумына қатысқанына ризашылығын білдірді. Президент еліміз волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше ден қойып отырғанын атап өтті. Бұған еліміздің 2026 жылды БҰҰ тарапынан қолдау тапқан орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысы дәлел. Оның аясында Қазақстанда мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Волонтерлік қозғалыстың 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Еріктілердің цифрлық паспорты енгізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңірлік инфрақұрылым жетілдірілуде. Тойли Курбанов Қазақстанның Еріктілер жылын жариялау жөніндегі бастамасын 60-тан аса мемлекет қолдағанын атап өтті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасына бірқатар елде үлкен қызығушылық туып отырғанын айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы волонтерлікті дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Тойли Курбановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы