Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты рәсімге Молдова, Вьетнам, Корея Республикасы, Словакия, Германия, Оңтүстік Африка Республикасы, Әзербайжан, Словения және Намибия елінің жаңадан тағайындалған дипломаттары қатысты. Құжаттарды қабыл алғаннан кейін Мемлекет басшысы елшілермен сұхбат құрды. Президент әңгімелесу барысында еліміздің бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағдарын ұстанатынын айтты. Қазақстанның экономикалық әлеуеті және ұлттық экономикаға шетелден инвестиция тарту ісіндегі табыстары жөнінде де мәлімет берді. Бұдан бөлек, Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға тоқталды. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтатын тың мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Сөз соңында Президент Қазақстан 9 елмен де қарым-қатынасты нығайтып, сан қырлы ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ мемлекеттер басшыларына жылы лебізін жолдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы