Басты Жаңалықтар Жазғы Азия ойындарына Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысады

Жазғы Азия ойындарына Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысады

Тәуелсіздік алғалы еліміз Жазғы Азия ойындарының сегізіне қатысып, 637 медаль еншілеген. Осылайша  ірі спорттық бәсеке Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға ықпал етіп келеді. Құрлық додасындағы ел құрамасының жеңіс жолын Назерке Өтеген баяндайды.

Қазақстан Жазғы Азия ойындарына алғаш рет 1994 жылы қатысты. Ел намысын Жапонияның Хиросима қаласында қорғады. 79 медаль еншілеп, командалық есепте 4-орын алды. Сол додада Ольга Шишигина, Александр Парыгин, Дәулет Тұрлыханов, Мәулен Мамыров сынды жалпы саны 27 спортшы алтын алып, ел тарихындағы алғашқы Азия чемпионы атанды.

1998 жыл. Тайланд астанасы Бангкок. Бұл жолы Ермахан Ибраимов пен Мұхтархан Ділдәбеков бастаған 24 қазақстандық Ұлттық құрама қоржынын алтынға толтырды. Кейінгі Жазғы Азия ойындары 2 рет Оңтүстік Кореяда, Қатар, Индонезия мен Қытайда өтті.

Бүгінге дейінгі байрақты бәсекеде Қазақстан 637 медаль алды. Оның 165-ы алтын, 180-і күміс, 292сі қола. Еліміз жалпы медаль саны бойынша Азия ойындары тарихында 5-орында тұр.

Қазақстанға алтын әкелген негізгі спорт түрлері: байдарка және каноэ есу, жеңіл атлетика, бокс, нысана көздеу  мен ауыр атлетика.

Биыл да еліміз осы бағыттарға  басымдық беріп отыр. Олимпиадалық спорт түрлері басқармасының өкілдері жақында семсерлесуден Әлем чемпионы атанған жерлестерімізден де жақсы нәтиже күтеміз дейді.

Оралхан Балмағамбетов, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитетінің басқарма басшысы:

Медальдық жоспарымыз әрқашан талабы жоғары дейді ғой. Жалпы, біз тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстан үздік төрттікте жүретінбіз. Соны қайталауды жоспарлап отырмыз. Үздік төрттікке кіру. Басты үміт күтіп отырғанымыз Олимпиада жүлдегерлері болған. Одан кейін Әлем чемпионатында үштікке енген спортшыларымызға үмітіміз зор.

Биылғы құрлық додасына елімізден 50 спорт түрі бойынша 500-ден астам спортшы қатысады. Іріктеу әлі жалғасып жатыр. 2023 жылғы Жазғы Азия ойындарында күміс еншілеген дзюдошы Әбиба Әбужақынова бұл жолы алтын алуға барымды саламын деп отыр.

Әбиба Әбужақынова, дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

Мықты қарсыластардың бәрі осы Азия өңірінде ғой. Жапон қызы бар, Қытай қызы бар, Моңғол және мен. Бір жыл бұрын басталып кеткен дайындық. Себебі осы жылдың маңызды оқиғасы Азия ойындары болғандықтан, бапкерлермен дайындық үстіндеміз. Енді, бұйырса, алтынға қарай жағдай жасап жатырмыз.

Айта кетейік, биыл жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтеді. Кіл мықтылар 41 спорт түрі бойынша 68 бағытта 460 медальды сарапқа салады.


Бөлісу