Басты Жаңалықтар Ресейде бес сайлау учаскесі ашылады

Ресейде бес сайлау учаскесі ашылады

Шет мемлекеттерде уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да 23 тамыз күні дауыс бере алады. Еліміздің шет мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдықтары жанынан сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап жұмыс істейді.

Мәдина Есімова Мәскеуде білім алып жатыр. Ол 23 тамыз күні дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасамақ.

Мәдина Есімова, студент:

Мен Мәскеуде төрт жылдан бері тұрамын. Мен өз конституциялық құқығымды пайдаланып, сайлауға қатысамын. Және де бұл мен үшін маңызды. Себебі еліміздің жарқын болашағы маған маңызды.

23 тамыз күні Ресейде бес сайлау учаскесі ашылады. Олар Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбы қалаларында орналаспақ. Сайлауға Қазақстан Республикасының  паспорты бар барлық азаматтар қатыса алады. Олар сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Сонымен қатар жеке шақырумен, қызметтік, іскерлік немесе туристік мақсатпен шетелге барған Қазақстан азаматтары да дауыс беру мүмкіндігіне ие.

Тахмина Исламова, Ресейде уақытша тұрып жатқан қазақстан азаматы:

Еліміздегі саяси науқанға бей-жай қарамаймын. Сондықтан партиялардың бағдарламаларымен таныстым. Құрылтай заңдардың сапасын арттырып, елімізге оң серпін әкелетініне сенімдімін.

Қазақстанның  шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінің толық тізімі Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған.


Бөлісу