Басты Жаңалықтар Президент: Елімізде бірыңғай инновациялық экожүйе құрылып жатыр

Президент: Елімізде бірыңғай инновациялық экожүйе құрылып жатыр

Астанаға әлемнің ең дарынды оқушылары жиналды. Елордада жасанды интеллект бойынша III халықаралық олимпиада басталды. Ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Президент Қазақстанның цифрлық дамуды стратегиялық бағыт ретінде таңдағанын атап өтті. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасында 24-орында тұр. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда бірыңғай инновациялық экожүйе құрылып жатыр. Жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Инновациялық дамудың негізгі бағыттары жаңа Конституцияда да айқындалған. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты. Сондай-ақ бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Халықаралық білім бәйгесіне 106 елден 500-ге жуық оқушы қатысып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін.


Бөлісу