Су үнемдеу технологиясына қолдау күшейеді
Елімізде су үнемдеу технологиясын енгізуге мемлекеттік қолдау күшейеді. Ол үшін жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Жоба аясында аясында суару жүйесін жаңғырту мен шаруаларды қолдау шараларына ден қойылады. Ал Жетісу облысында бүгінде 200 мың гектар суармалы алқаптың 40 мың гектарына жаңа технология енгізілген. Арнайы жүйелер суды үнемдеп қана қоймай, шаруалардың жұмысын да жеңілдетіп отыр.
Жетісу облысында 180-ге жуық шаруа су үнемдеу технологиясының игілігін көріп отыр. Арнайы жүйе суды 60 пайызға дейін үнемдейді. Су тікелей өсімдік тамырына жеткізілетіндіктен, алқапта арамшөп те аз өседі. Тыңайтқыш ысырап болмай, тамырға бірден сіңеді. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, сапасы жақсарады.
Герман Нам, шаруашылық жетекшісі:
Тамшылатып суғарсақ су аз пайдаланамыз. Қазір бір гектарға 3 мың куб қана кетті. Енді өзіміз жоспарлап отырмыз тағы 2 мың кетсе болады деп. Ал жай арықпен суғара салсақ, онда 8-9 мың куб керек бір гектарға.
Шаруалар арасында су үнемдеу тәсіліне қызығушылық жоғары. Былтыр өңірде 9 мың 400 гектардан астам алқапқа жаңа суару жүйесі енгізілді. Осылайша, технология қолданылатын егіс көлемі 43 мың гектарға жеткен. Жауаптылар биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді деп отыр.
Данияр Ысқақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Алдағы 2030 жылға дейін біз 175,2 мың гектарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Енді биылғы көрсеткішіміз – 43,1 мың гектар болып отыр. Биыл бізде 1,1 млрд теңге бөлініп, 15 субъектіге ақшалары аударылып берілді.
Қазір су үнемдеу технологиясын енгізуді қолдайтын жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Оның аясында шаруаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Суару жүйесін сатып алып, орнатуға кеткен шығынның 80 пайызына дейін мемлекет өтейді. Ал қажетті жабдықтарды отандық өндірушілер шығарады.
Жандәулет Жаңбырбаев, ҚР АШМ Егіншілік департаменті директорының орынбасары:
Қазақстан бойынша 1,6 млн гектар жер суармалы болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Жыл сайын 150 мың гектар алқапты су үнемдеу технологиясын енгізу. Сол тапсырманың аясында Қазақстан бойынша облыстар енгізіп жатыр.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Елімізде су тапшылығын азайту үшін үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 540 мың гектардан астам алқапта су үнемдеу тәсілі қолданылады. Алдағы 4 жылдағы меже оның көлемін 1,5 миллион гектарға жеткізу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы