Әлем жаңалықтарына шолу
АҚШ-Иран соғысы Парсы шығанағынан тысқары аймақтарға да тарай бастады. Мысырдың Жерорта теңізіндегі Дамиетта портында америкалық газ танкері дрондар шабуылына ұшырады. Ал Сауд Арабиясы Қызыл теңізде АҚШ пен оның одақтастарына қарсы екінші майдан ашқан йемендік хуситтерден кемелерді қорғау үшін халықаралық коалиция құруды жоспарлап отыр.
Пәкістанда қарулы топ Ауғанстанмен шекаралас Хангу ауданында полиция постына шабуыл жасады. Дрондық соққы мен жарылыстан 10 тәртіп сақшысы мерт болған. Содырлар 15 адам жоғалтты. Айта кетсек, мұндай оқиғалар үшін Исламабад әдетте Кабулды айыптайды. Алайда ауған тәліптері Пәкістан таққан кінәні үнемі жоққа шығарып келеді.
Жапонияда жер сілкінісі құрбандарының саны 34-ке жетті. Мұны Кумамото префектурасының басшылығы бүгін хабарлады. Қуаты 6,8 балдық зілзаладан зардап шеккен аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. 9 мың адам эвакуацияланып, 30 мыңдай үй жарықсыз отыр.
Еуропаға аптап ыстық қайта оралған шақта Францияда, Испанияда, Грекияда орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, гректің Крит аралында үш өрт сөндіруші қаза тауып, 8 мыңдай адам үйлерін тастап кеткен. Ал Францияда жасыл желектерге әдейі от қойды деген күдікпен екі адам тұтқындалды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы