Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Танымал туристік бағыттарға жетуді жеңілдету мақсатында Қытай мен Өзбекстанға жаңа рейстер ашылады. Ал елордада тамақ жеткізу қызметін ұшу аппараттары атқарады. «Болашақ ойындары» қарсаңында осындай пилоттық жоба басталып жатыр. Осы және өзге де жаңалықтарды топтамамыз тілшіміз жалғастырады.

Қытай мен Өзбекстанға жаңа рейстер ашылады

Шетелге шығу жеңілдейді. Жаңа халықаралық бағыттар ашылып, визалық режимді жеңілдету жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады. Air Astana Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака және Даламан бағыттарын іске қосып, Сеулге және басқа да халықаралық бағыттарға рейстер санын көбейтіп жатыр. Ал FlyArystan 3 қыркүйектен бастап Үргенішке, 23 қыркүйектен бастап Қытайдың Чунцин қаласына тұрақты халықаралық рейстерді ашуды жоспарлап отыр.

Астанада тағам жеткізу қызметін дрондар атқарады

«Болашақ ойындары» қарсаңында тағам тасымалдайтын дрондар сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірге бұл қызметті «Алау» мұз сарайы, «Барыс Арена», Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы және Qazaqstan жеңіл атлетика кешеніне келгендер ғана пайдалана алады. Тапсырыс мәзірінде жеңіл тағамдар, сусындар мен кәдесыйлар бар. Төлем банк картасы немесе QR-код арқылы қабылданады.

Су шаруашылығы саласында 1400-ден аса маман қайта даярланады

Жыл соңына дейін су саласының 1400-ден аса қызметкері қайта даярлықтан өтеді. Қазіргі уақытта «Қазсушар» мамандары отандық жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының базасында су ресурстарын басқару, ирригация, су үнемдеу технологиялары және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі бағыттары бойынша білім алып жатыр. Жалпы, министрлік кадр даярлау мәселесіне кейінгі кезде ерекше екпін беріп отыр. Бұған дейін 63 маман Қытай, АҚШ және Жапонияда біліктілігін арттырды.

Оралда садақ атудан Қазақстан чемпионаты басталды

Орал қаласында садақ атудан Қазақстан чемпионаты басталды. Ел біріншілігі жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өтіп жатыр. 10 өңірден келген 300-ге жуық спортшы кім мықтыны анықтайды. Спортшылар классикалық және компаунд садақ ату түрлері бойынша сынға түседі. Үздік нәтиже көрсеткендер қыркүйек айында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғайды.


Бөлісу