Басты Жаңалықтар Қазақстандық студент АҚШ-та беделді ғылыми марапатқа ие болды

Қазақстандық студент АҚШ-та беделді ғылыми марапатқа ие болды

Қазақстандық студент Америка Құрама Штаттарындағы ең беделді ғылыми марапатқа ие болып, Гринвилл қаласы әкімшілігіне жұмысқа орналасты. Аружан Сахариянова Оңтүстік Каролинадағы Furman университетінде тұрақты даму және коммуникациялар бағытында білім алған. Жасаған үздік зерттеулері үшін ол Sustainability Science Research Award марапатына ие болды. Сондай-ақ ең танымал академиялық қоғамдастықтың бірі – Phi Beta Kappa мүшелігіне қабылданды. Ол Қазақстанда жүргенде табиғатты қорғау бастамаларына қатысып, ЮНЕСКО-мен қоян-қолтық жұмыс істеген. Ал қазір Аружан Гринвилл қаласы әкімшілігінің жобаларды басқару кеңсесінде жұмыс істейді. Тұрақты даму саласындағы игі істерге атсалысып жүр.

Аружан Сахариянова, Гринвилл қаласы әкімшілігінің жобаларды басқару кеңсесінің қызметкері:

Зерттеуім жоғары температураның адамдардың денсаулығына әсерін анықтауға арналды. Екі апта ішінде Блаффтон қала тұрғындарынан 205 сауалнама жинап, олардың ұсыныстары негізінде есеп әзірледім. Қазір оның нәтижелері қаланың алдағы даму жоспарына енгізілуі мүмкін. Мен өз білімім мен тәжірибемді Қазақстанда да қолдану мүмкіндігін қарастырғым келеді. Әсіресе қалаларды тұрақты даму қағидаларына сай дамыту бағыты қызықтырады. Қазақстан маңызды кезеңде тұр. Сондықтан әр қала даму кезінде табиғи ресурстарды сақтауды басты құндылықтарының бірі етуі керек деп ойлаймын.


Бөлісу