Басты Жаңалықтар Алматыда жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті

Алматыда жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті

Жұмыссыздық деңгейін төмендету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгін Алматыда жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.  Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған шараға 100-ден астам компания қатысып, бос тұрған 2500 қызмет ұсынды. Бұл тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып, жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашты.

Еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды іс-шара Алматыда жыл сайын өткізіледі. Биыл да жәрмеңкеге келгендердің қарасы қалың.

Жәрмеңкеде еңбек нарығы, кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру және мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер берілді.Іс-шараға қала экономикасының түрлі салаларын қамтыған  100-ден астам компания бос жұмыс орындарын ұсынды.

Салтанат Қожабаева, «Magnum» ЖШС қызметкері:

Бізде өте көп вакансия бар. Сатушы қызметі, аспазшы. Бүгін өте көп адамдар келді. Оның ішінде студенттер бар, оларға икемді график қарастырылған.

Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, жұмыс іздеушілер арасында денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары.

Айқын Жиенқұлов, Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

2525 орын ұсынылды. Оның ішінде мемлекеттік органдар да бар, көбі жекеменшік мекемелер. Құрылыс саласы, бетон шығаратын зауыт, басқа да зауыттарды шақырдық. Халықтың қызығушылығы бар.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеген 3 600-ден астам адам келіп, компаниялармен тікелей тілдесті. Ұйымдастырушылар мұндай шараның кадр тапшылығы мәселесін шешіп, халықтың тұрақты еңбекке орналасуына мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналғанына сенімді.


Бөлісу