Басты Жаңалықтар Елімізде жеке ортездер шығаратын алғашқы мемлекеттік өндіріс іске қосылады

Елімізде жеке ортездер шығаратын алғашқы мемлекеттік өндіріс іске қосылады

Елімізде жеке ортездер шығаратын алғашқы мемлекеттік өндіріс іске қосылады. Бұл – мүгедектігі бар жандарды оңалтуды жаңа деңгейге көтеретін тың бастама.

Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бірегей жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси министрге алғашқы мемлекеттік ортездерді модельдеу және өндіру зертханасының жобасын көрсетті. Зертхана 2026 жылдың 1 қазанында ашылады деп жоспарланған. Заманауи әрі мемлекеттік зертхананың іске қосылуы тұрғындарды жоғары технологиялық ортездермен тегін қамтамасыз етуге және мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Сырым Нәси, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының бас директоры:

Осы ортездерді жасау көбінесе жеке өндірістерде, жеке меншікте. Бірақ мемлекет тарапынан біздің орталық алғаш рет осы ортезді модельдеу цехын ашқалы отыр. Биыл 500 адамды, 2027-2028жж аралығында 2500 адамды қамтимыз.

Асқарбек Ертаев орталық ұжымымен де кездесті. Басқосуда мемлекеттік тапсырмалардың орындалуын, ғылыми әлеуетті арттыруды және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдірудің басым бағыттарын талқылады. Министр Ұлттық ғылыми орталық заманауи оңалту технологияларын енгізетін жетекші ғылыми-тәжірибелік алаңға айналуы тиіс екеніне тоқталды. Сондай-ақ мекеменің кохлеарлық имплантация жасалған балалардың есту және сөйлеу қабілетін қалпына келтіру бөлімінің жұмысымен де танысты. Мұнда балалар қайтадан естіп, сөйлеп, қоғамға бейімделуге қажетті кешенді оңалтудан өтеді.

Айша Қожаназарова, қала тұрғыны:

Бала толық 4-дәрежелі естімейді деген диагноз қойылғаннан кейін біз кохлеарлық имплантация жасаттық операция, одан кейін ұзақ реабилитация қажет болды. Бала әр дыбысты жаңадан үйренді. Операция да мемлекет тарапынан, осы орталыққа келіп жүргеніміз де мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.


Бөлісу