Басты Жаңалықтар Әлеуметтанушы: Той өткізу мәдениетіне өзгеріс керек

Әлеуметтанушы: Той өткізу мәдениетіне өзгеріс керек

Қазақ үшін той-думан – қуаныш пен берекенің белгісі. Алайда соңғы жылдары сән-салтанатқа ұмтылу, орынсыз даңғазалық пен несиеге той жасау қоғамда жиі талқыланатын мәселеге айналды. Оның шешімі қандай? Той өткізу мәдениетін қалай қалыптастыра аламыз? Жазира Оразқызының репортажы

Қымбат мейрамхана, танымал әншілер, жүздеген қонақ. Бұл той өткізудің сәніне айналғалы қашан?! Көп жағдайда «жұрт не дейді?» деген сөз бен әлеуметтік қысымның әсерінен кейбір отбасылар мүмкіндігінен тыс шығынданып, тіпті, несие алуға мәжбүр.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова той өткізу мәдениетін түбегейлі өзгерту қажет деп есептейді. Сән-салтанат пен даңғазалыққа ұмтылудың орнына, отбасының қаржылық мүмкіндігіне сай, ысырапсыз той өткізуді қалыптастыру маңызды, дейді.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Бізде, өкінішке орай, «Көрпеңе қарай көсіл» деген мақал тойда жүрмейді. Себебі, адамдар мүмкіндігінше әлеуметтік статусын бекіту үшін барынша «жақсы» өткізгісі келеді. Жақсы деген мағына –даңғазалық,  ысырапшылдық. Барынша ықшамдау керек. Отбасылық бюджетке үлкен шығын.

«Үнемшілдік – дәстүрден бас тарту емес, жауапкершілік пен парасаттың көрінісі. Тойды барыңды көрсетіп, жарысу үшін емес, рухани құндылық, ынтымақты насихаттау үшін ұйымдастырған абзал», - дейді қоғам белсендісі Жазира Әсенқызы.

Жазира Әсенқызы, жазушы, қоғам белсендісі:

Несие алып, той жасау, ол үлкен ақымақтық, қаржылай сауатсыздық деп айтуға болады. Бір күндік қызық үшін біз мың күндік күлкімізді жоғалтамыз. Отбасындағы береке-бірлікті жоғалтамыз. Тойдың мәдениетін ұрпаққа біз қарапайымдылықты, үнемшілдікті, жауапкершілікті насихаттаған жерде бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Сондықтан берік отбасы қымбат дастарханмен емес, дұрыс қабылданған шешіммен қалыптасады. Қазақи салт-дәстүрдің қадірін сақтай отырып, ысырапшылдықтан арылу – бүгінгі қоғам үшін маңызды мәдени өзгерістердің бірі.

Бөлісу