Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Йемендік Хуситтер Сауд Арабиясын теңіз блокадасына алды

Иранға жақтас йемендік хуситтер Сауд Арабиясын теңіз блокадасына алғанын жариялады. Мұның нәтижесінде Таяу Шығыстағы соғыста екінші майдан ашылуы мүмкін деген пікір айтылып жатыр. Саудия үкіметі Баб-әл-Мандеб бұғазынан өтетін кемелерді қорғауды күшейтті. Ормұз бұғазы жабылғандықтан, Сауд Арабиясы үшін бұл бағыт мұнай экспорттайтын негізгі жолға айналған.

АҚШ Канадалық тауарларға тариф енгізбек

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан баратын тауарларға 50 пайыз баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, тарифтер америкалық кәсіпкерлерді қолдау үшін қажет. Аталған жарлық тамыздың 19-да күшіне енеді.

Су тасқыны кезінде 20 адам қаза тапты

Ауғанстанның солтүстік-шығысында алапат тасқыннан 20 адам мерт болды. 100 шақты тұрғын жоғалып кеткен. Су апатынан Нуристан провинциясының астанасы Парун қаласы ең көп зардап шекті. Бұл шаһарда бірталай үй құлап, 80 адам жараланған.

Франция Парламенті балаларға әлеуметтік желіні шектеу туралы заң жобасын қарап жатыр

Франция парламенті балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр. Заң құпталса, оқу жылынан бастап 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге мүлдем тыйым салынбақ. Жалпы әлемнің көптеген елінде онлайн-платформалардың тигізетін зияны ескеріліп, шектеу енгізу мәселесі талқыланып жатыр.


 


Бөлісу