Басты Жаңалықтар Тайландтан авиациямен жеткізілген шақалақ ауруханадан шықты

Тайландтан авиациямен жеткізілген шақалақ ауруханадан шықты

Тайландтан санитарлық авиация арқылы жеткізілген шала туған шақалақ Аслан Әлиев ауруханадан шықты.

Салмағы небәрі 1300 грамм болып туған сәбидің денсаулығы үшін Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы кәсіби мамандар барын салып күресті. Олардың айтуынша, өмірі қыл үстінде тұрған нәрестенің орталыққа түскен кезде  жағдайы өте ауыр болған. Нәрестеден ауыр пневмония, миының оттегі жетіспеуінен зақымдануы және ас қорыту жүйесіндегі күрделі мәселелер анықталған.

Тіпті, ұзақ ұшудан кейін дәрігерлер баланың өміріне тікелей қауіп төндірген ішектің жыртылуын анықтап, шұғыл операция жасапты.

Гүлбану Бердиярова, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі:

Баланың шала тууына байланысты отадан кейінгі кезең өте ауыр өтті. Көп мүшесінің жетіспеушілігі болды. Инфекция болды. Иммундық жүйесі төмен болғандықтан, бала екі ай көлемінде реанимациядан ем-шара алып шықты. Қазір баланың салмағы 2 кг 500 гр жеткізілді. Бала қазір толық түрде өзінің тамағын іше алады.

Қазір нәрестенің өкпесі өздігінен тыныс алуға бейімделді. Дәрігерлердің айтуынша,сәби үй жағдайында күтім алуға дайын. Еске сала кетейін, оны анасы Тайландта демалыста жүрген кезде мерзімінен бұрын, жүктіліктің 28-ші аптасында босанған. Өте төмен салмақпен дүниеге келген бөбек, ауыр сепсиске және бірнеше ағзаның жеткіліксіздігіне ұшырапты. Оның өмірі жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен ғана сақталған. Анасының әлеуметтік желідегі жанайқайынан кейін сәбиді елге жеткізу туралы шешім қабылданды. Санитарлық авиация борты 14 сағатқа созылған күрделі ұшу арқылы нәрестені Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізді.

Назира Әлиева, Аслан Әлиевтің анасы:

Ең біріншіден осы реанимациялық қызметкерлеріне, дәрігерлеріне, шын жүректен ерекше алғысымызды отбасымыздың атынан айтамыз. 70 күн болды бүгін. Қиын күндер болды. Түскен кезімізде бала өте ауыр халде болды. Реанимацияда 60 күннен көп болды.
Бөлісу