Басты Жаңалықтар ӘЧ: Бүгін түнде Франция мен Англия командалары ойнайды

ӘЧ: Бүгін түнде Франция мен Англия командалары ойнайды

Доп додасы мәреге жақындады. Қырық күн жанкүйерлердің түн ұйқысын ұрлаған доп додасы ертең аяқталады. Бүгін түнде Франция мен Англия командалары үшінші орын үшін таласқа түседі. Ал ертең чемпиондық кубок үшін Аргентина мен Испания құрамалары жасыл алаңға шығады. Төрт жылдықтың ең маңызды ойыны қарсаңындағы Нью-Йорк қаласындағы әзірлік жайлы әріптесім Шерхан Жамбылұлы айтады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Алып елдің алып шаһары - Нью-Йорк.
Бұл қала әлемге Бостандық ескерткішімен, аспанмен таласқан зәулім ғимараттарымен, сан түрлі мәдениет тоғысқан, бір сәтке де дамыл таппайтын тіршілігімен әлемге әйгілі. Ал бұл күндері әлемнің қаржы һәм саяси орталығы жахан назарын доп додасымен өзіне аудартып отыр.

Футбол. Дәл қазір қаладағы әңгіменің бәрі аладоп аламаны айналасында. Көшелер спорттық тақырыпта безендірілген. Испания жанкүйерлері турнир бойы өз командасымен бірге америкада сапарлатып жүр.

Хосинафио, Испания жанкүйері:

Біз АҚШ-қа 12 маусымда келдік. 36 күн бойы Америкадағы Әлем чемпионатының атмосферасын сезініп жүрміз. Бұл сапар біз үшін керемет естелік болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдармен таныстық. Мен үшін Әлем чемпионатының ең үлкен ерекшелігі де осы. Ал финалға келсек оның нәтижесін ешкім алдын ала айта алмайды. Барлығы сол 90 минутта шешіледі. Менің ойымша ойын қосымша уақытқа дейін созылуы мүмкін.

Иә ақтық ойын қарсаңында қалаға жан-жақтан жанкүйерлер ағылып жатыр. Аргентиналықтар Таймс сквер алаңында бас қосып, әндетті. Олар Месси екінші рет қатарынан кубокты төбесіне көтереді деп сенеді.

Себастьян, Аргентина жанкүйері:

Әрине финалда Аргентина жеңеді. Біз Испаниядан мықтымыз. Командамыздың ойыны жақсарып келеді, ал қарсыласымыз соңғы кезде өз деңгейінде өнер көрсетіп жүрген жоқ. Сондықтан біз үшін бұл матч аса қиын болмайды деп ойлаймын.

Дүкендерде футбол атрибутикаларының саудасы қызған. Әсіресе Месси мен Ямаль жейделері сұранысқа ие. Ал финал күні бірқатар көше жабылмақ. Стадионға баратындар тек қоғамдық көліктермен ғана қатынай алады. Ал оның құны әдеттегіден 8 есе өсіп, 100 доллардан асып отыр.

Ойынға АҚШ президенті Дональд Трамп қатысады деп жоспарланып отыр. Сондықтан да қауіпсіздік шаралары тіпті қатаңдайды. Нью-Йорк әуе кеңістігінде, 50 шақырым аумақта уақытша шектеулер енгізілмек.

Финалға бірнеше күн қалғанда билеттер бағасы да аспандап кетті. Алып сатар сайттарда ең арзан дегенінің өзі 8 мың долларға саудаланып отыр. Сарапшылар мұны Әлем чемпионаттары тарихындағы ең қымбат финалдардың бірі деп бағалап отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал билеті жоқ адамдарға қала билігі балама ретінде тегін ашық көрсетілімдер мен әр ауданда фан-шараларды ұсынды. Ең үлкені осы орталық саябқта болмақ. Мұнда алып экрандар қойылып, арнайы шоу бағдарлама өткізіледі. Бастысы баршаға ортақ футбол мерекесінен ешкім де шет қалмайды.
Бөлісу