Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысты

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысты

Қазақстан ЖИ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның құрылтайшысы атанды. Келісімге 29 елдің өкілдері қол қойды. Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуы салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Дүниенің дидары цифрланып жатқан заман. Жасанды интеллект табиғи құбылысқа айналып кеткендей. Қазір қай саланы алсаң да жасанды интеллектінің ізі мен игілігі көрінеді. Мысалы, мен қазір бір жарым миллиард халқы бар Қытай елінде жүрмін. Жасанды интеллект арқылы дәл қазір Астанадан да сөйлей аламын. Біздегі халық саны миллионнан енді асты. Дегенмен, жасанды интеллект халықтың санына емес, санасына, сапасына қарайтын игілік. Тез игеріп, кәдесене жарата білген ұлт ұтады. Біз сол үдерістен қалмай, барынша заманның ағынымен жүріп келе жатырмыз. Қайтадан Шанхайға оралайын.
Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті деп атап өтті. Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен күш-жігердің арқасында екі ел арасындағы мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті деп бағалады.
Бүгінде дүниежүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасап жатыр. Сондықтан тап осы конференцияның жыл сайын Қытайда өткізілуі - заңдылық. Келелі кеңесте Президент ұтымды ұсыныс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн.
Сондай-ақ Президент келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынды. Ал «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қытайлық сарапшылар серіктестіктің серпінді жобасы деп бағалайды.
Пан Давай, Шанхай, қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының құрметті директоры, профессор:
Қытай мен Қазақстан үшін инвестициялық байланыс тиімді, яғни өзара ұтымды ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. 2013 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынды. Бұл бастама екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Қазақстанға инвестиция салатын қытайлық компаниялардың саны артты, ал Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хабқа айналды.
Мемлекет басшысы Алматыда Біріккен ұлттар ұйымының ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз.
Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады. Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға арналған тұтас бір министрлікті құрған ел. Осы бағытта арнайы ұлттық кеңес те жұмыс істеп жатыр. Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бұл салада Қазақстанның ұтымды шешімдері мен мол тәжірибесі бар. Қытай тарапы сол себепті де жасанды интеллект бағытында серіктестікті арттыруға мүдделі.
Фэн Шуай, Шанхай Халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері:
Қазақстан жасанды интеллект жағынан алда келе жатқан мемлекеттердің бірі. Дүниежүзі бойынша Қытаймен бір деңгейде жасанды инттелектінің қарқынын игеріп, дер уақытында елге игілігін көрсетіп отырған елдің бірі – біздің серіктесіміз әрі досымыз қазақ елі. Екі елдің басшысы да осы бағытты бірлесе қолға алып, ортақ жобаларды жүзеге асырып жатқаны ең ұтымды шешім.
Жалпы, Мемлекет басшының Қытайға жұмыс сапары аясында 15 млрд доллардың келісім жасалғаны белгілі. Солардың арасында жасанды инттелектіге иек артқан жоба көп.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды. Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, болашақ та, табыста осы саланың саясында жатыр. Қазақстан - мұны ерте сезіп, қамданған елдің бірі. Дәстүрлі Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысып, Қытай сияқты алып елмен ортақ жобаларды түзу соның айқын көрінісі.

Бөлісу