ӘЧ – 2026: Аргентина тағы да финалда
Әлем кубогының екінші финалисі белгілі болды. Атлантада өткен жартылай финалда Аргентина мен Англия құрамалары тартысты матч өткізіп, шешуші сәтте Лионель Месси бастаған аргентиналықтар басым түсті. Кездесудің қызықты сәттері мен матч атмосферасы жайлы Айбек Намазбаевтың сюжетінде.
Айбек Намазбаев, тілші:
Испания Францияны жеңіп, Әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Енді бүкіл назар бүгінгі Англия мен Аргентина арасындағы жартылай финалға ауып отыр. Бұл жай ғана матч емес ондаған жылға созылған футбол тарихының жалғасы.
Бұл текетірес 1966 жылғы Әлем чемпионатынан бастау алады. Алайда ең көп таралғаны 1986 жылғы Мексикадағы ширек финал. Сол кездесуде Диего Марадона атақты «Құдайдың қолы» голын соғып, артынша бес ойыншыны алдап өткен «Ғасыр голымен» Аргентинаны жеңіске жеткізді. Осы ойын екі ел арасындағы футбол бәсекесінің символына айналды. 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында Дэвид Бекхэмнің қызыл қағазы тағы да бұл текетіресті қыздырды. Кейін Англия 2002 жылы қарымта қайтарғанымен, екі құраманың әр кездесуі ерекше атмосферада өтетін матч ретінде есте қалады.
Ал бұл ойында жаңа тарих жазылды. Лионель Месси спорттық мансабында алғаш рет Англия құрамасына қарсы алаңға шықты.
Алғашқы таймда қос құраманың тартысты текетіресіне куә болдық. Аргентиналықтар ойынды қарқынды бастап, бірнеше рет ереже бұзды. Дегенмен, алғашқы 45 минутта есеп ашылған жоқ.Екінші таймда ағылшындар жүйелі шабуыл ұйымдастырып, Энтони Гордон есепті ашты.
Ойынның 80-минутына таяғанда аргентиналық жанкүйерлердің алаңдағаны анық. Себебі шабуылы нәтижесіз көрініп, Томас Тухель қорғанысты күшейтіп, қақпашы Пикфорд қарсыластың бірнеше қауіпті соққысын қайтарды.
Алайда Лионель Месси тағы да шеберлігін көрсетті. Ол нәтижелі пас шығарып, Энцо Фернандес таразы басын теңестірді. Араға небәрі бес минут салып, Мессидің әуелете асырған пасына Лаутаро Мартинес баспен сәтті соққы жасап, жеңіс голын соқты.
Ал стадион сыртындағы атмосфера да ерекше болды. Билет бұйырмаған жанкүйерлер үшін арнайы үлкен экран орнатылып, матчтың тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды. Мыңдаған жанкүйер сырттан-ақ өз құрамасына қолдау көрсетіп, әрбір сәтті бірге тамашалады.