Қызыл кітапқа енген дала қырандары бақылауға алынды
Жетісу көгінде қалықтаған дала қырандары енді ғалымдардың жіті назарында. Мамандар Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстардың мекенін зерттеп, қозғалысын бақылау үшін арнайы сақина мен GPS құрылғыларын қолданып жатыр. Бұл сирек кездесетін құстарды қорғауға септігін тигізбек.
Орнитологтар тау-тасты кезіп, дала қырандарының ұясын іздеп жүр. Ондағы балапандардың аяқтарына жеке-жеке номерленген арнайы сақина тағады. Соның көмегімен мамандар құстың кейін қай өңірге қоныс аударғанын, қанша шақырымды ұшып өткенін анықтайды. Бұл сирек кездесетін жыртқыштың тіршілігін бірнеше жыл бойы бақылауға мүмкіндік береді.
Бекжан Бердіқұлов, орнитолог:
Қазір біз дала қыранын сақиналадық. Және GPS трекер қоятын боламыз. Бірақ қазіргі уақытта құстың жасы сәйкес келмейді. Себебі әлі балапан. Көлемі үлкен болғанмен шамамен 35 күндік балапан. Олар әдетте 60-65 күн болғанда ұша бастайды. GPS сол ұшар алдында қоямыз.
Мамандар дала қыранының қазіргі және бұрынғы ұяларын да зерттеді. Осылайша олардың мекендеу ортасы анықталады. Сондай-ақ құстардың көбеюі, таралуы және санының азаюына әсер ететін факторлар зерделенді. Жиналған деректер сирек кездесетін жыртқыштарды қорғау жұмыстарына негіз болады.
Марғұлан Мұсаубеков, «Алтын-Емел» МҰТП ғылыми-ақпараттық бөлімінің басшысы:
Дала қыранының ұясын бір ай бұрын анықтағанбыз. Соны бақылап жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дала қыраны Қызыл кітапқа енген. Оны зерттеу жұмыстары осы соңғы 5 жылда қарқын алып келеді.
Ғалымдар күзде осындай тағы бір экспедиция ұйымдастыруға ниетті. Зерттеу жұмыстарынан бөлек, Жетісудың табиғаты мен биоалуандығы туралы бейнематериалдар әзірленеді. Олар өңірдің экологиялық және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы