Жаһан жаңалықтарына шолу
Трамп Иранның электр станцияларына соққы беретінін ескертті
АҚШ президенті Иран келіссөзге оралмаса, елдің электр станциялары мен көпірлеріне соққы беретінін ескертті. Мұны Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Екі елдің әскерилері төртінші күн қатарынан біріне-бірі оқ атып жатыр. АҚШ Иран порттарын қайта блокадаға алған. Тегеран өңірдегі америкалық әскери базаларды зымырандармен атқылады.
Кубада бір аптада бірнеше мәрте жарық өшті
Кубада 9 күнде үш мәрте электр қуаты өшті. Аралдық мемлекеттің 10 миллионға жуық тұрғыны түгелдей жарықсыз қалған. Қоғамдық көлік тоқтап, ауруханаларда 10 мыңдай операция кейінге қалдырылды. Кубаның энергетикалық жүйесіне АҚШ жариялаған мұнай эмбаргосынан салмақ түсіп отыр.
Париж түбінде 2 мың гектардан астам орман алқабы өртенді
Парижден 60 шақырым жерде 2 мың гектардан астам орман алқабы отқа оранды. Тілсіз жаудың тұтануына кінәлі ер адам ұсталған. Ол қурай жағу үшін жанармай мен сіріңке қолданғанын мойындады. Ал елде күшейе түскен аптап ыстық өрттің тез тарауына себеп болған.
Конгода 2 мыңнан астам адам эбола жұқтырған
Конго демократиялық республикасында эбола вирусын жұқтырғандар саны 2 мыңнан асқан. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, науқастар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Қауіпті індеттен 754 адам қаза тапқан. Соңғы деректерге сай, Эбола елдің 5 провинциясынан анықталды.
Ұлыбританияда балаларға түнде әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынбақ
Ұлыбританияда 16-17 жастағы балаларға түнде әлеуметтік желіні қолдануға
тыйым салынбақ. Шектеу Snapchat, TikTok, YouTube, Instagram, Facebook пен
X платформаларында күшіне енеді. Бұл туралы елдің Ғылым,
инновация және технология министрлігі мәлімдеді. Оған сай, қосымшалар жасөсіпімдерге
түнгі 12.00-ден бастап, таңғы 6:00-ге дейін автоматты түрде коменданттық сағат
енгізеді. Шара интернеттің жастарға тигізетін зиянын азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы