ӘЧ – 2026: Испания финалда
Əлем кубогының алғашқы финалисі белгілі болды. Аузын айға білеген азулы Испания мен Франция командаларының тартысты кездесуінде Пиреней түбегінің өкілдері басым түсті. Далластағы драммаға толы ойын жайлы Шерхан Жамбылұлының сюжетінде.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Техастағы текетірес. Финалға бергісіз ойын. Франция мен Испания үлкен доп додасында кезекті мəрте жолығып отыр. Ал қызыл фурия жанкүйерлері шеру өткізіп, өз командасын алға жетелеп жатыр.
Иə, матчқа бірнеше сағат қалғанда Даллас көшелерінде футбол мерекесінің лебі анық сезілді. Испаниялық жанкүйерлер өз құрамасына сенімді. Олардың бір бөлігі Лос-Анджелестегі ширек финалдан кейін Далласқа арнайы келген. Қызыл-сары тулар қала көшелерінде жиі көзге түседі.
Рамона, жанкүйер:
Көңіл-күй керемет. Осы сəтті асыға күттік. Командамызға сенеміз. Испания бүгін де өз ойынын көрсетіп, жеңіске жетеді деп сенемін.
Француз жанкүйерлерінің де көңіл күйі көтеріңкі. Себебі жартылай финал Францияның ұлттық мерекесі – Бастилия күнімен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер мейрамды футболшылардың жеңісімен бірге тойлауға ниетті.
Ойын күні стадион айналасындағы бірнеше көше жабылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Даллас полициясымен бірге ондаған мемлекеттік жəне жергілікті мекеме жұмылдырылған. Жанкүйерлер бірнеше кезеңнен тұратын тексеруден өтті.
Марсиалсо, жанкүйер:
Мен осы чемпионатты тамшалау үшін Бразилиядан арнайы келдім. Мұнда жету оңай болған жоқ, бірақ соған қарамастан бəріне ризамын. АҚШ-та өтіп жатқан əлем чемпионаты өте жақсы ұйымдастырылған. Мен үшін футбол – керемет мереке.
Бұл Даллас стадионындағы біріншіліктің 9-ойыны. Испандар дəл осы аренада Португалия құрамасын үйіне қайтарған. Матч барысында қос құрама сақ ойнап, тактикалық қадамдар арқылы шабуылға ұмтылды. 20 минутта Люка Динь айып алаңында қателік жіберіп, пенальти белгіленді.
Дидье Дешам ойынға өзгеріс енгізіп, футболшыларды алмастырғанымен нəтиже шықпады. Кукурелья бастаған Испания қорғаушылары Мбаппе мен Дембелені ойнатпай, қымтап тастады. Есесіне 58 минутта Педро Порро есепті еселеді.
Даниэль, жанкүйер:
Бүгін Испания Франциядан əлдеқайда жақсы ойнады. Тағы бірнеше гол соғуға болар еді. Енді финалға барып, чемпион атанамыз!
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иə, сюжетіміз испандардың əнімен басталып, биімен аяқталып жатыр. Бүгін ақ жейделі футболшылар француздардың қысымына төтеп беріп, өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Ал қызыл фурияның сапары ары қарай жалғасады. Ендігі аялдама – финал.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы