Басты Жаңалықтар Жайылымдық жерлерді басқаруды жүйелеу қажет

Жайылымдық жерлерді басқаруды жүйелеу қажет

Елімізде 184 миллион гектар жайылым алқабы бар. Соған қарамастан, қазір оның едәуір бөлігі тозып, игерілмей бос жатыр. Мұндай жерлердің өнімділігін арттыру және қайта айналымға енгізу - ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы тиімді тәжірибелер Жайылым пайдаланушылардың мобильді мектебінде Дала күні аясында өткен дәрісте таныстырылды. Мамандар жайылымдарды қалпына келтіру, шөп өнімділігін арттыру және суару жүйелерін тиімді пайдалану жолдарына тоқталды. Сала мамандары жайылымдарды басқарудың бес жылдық жоспарын сапалы әрі жүйелі іске асырудың маңызын атап өтті. Бұл талап қолданыстағы заңнамада да нақты көрсетілген. Осындай шаралар тозған жайылымдарды қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына серпін береді.

Сәбит Жанкөліков, шаруа:

Шөп жоқ. Қысы-жазы байлай береді. Жайлауға шығыңдар деп айтамын. Малдарың да дұрыс болады. Мына жерде мал жақсы семіреді. Мен біраз мал байлаймын.

Бақтияр Садық, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері:

Әрқайсысы әртүрлі пайдалану катергориясында: бірі орман қорында, бірі су қорында, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде. Арасында үйлесімді пайдалану жоқ. Бәрін бір жүйеге келтіріп, үйлесімді басқаратын болса, жайылым орнына келеді,  жайылымның берері мол.

Осы ретте Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жанынан Жайылым пайдаланушылардың мобильді мектебі құрылды. Оның мақсаты – сала мамандары мен шаруалардың біліктілігін арттыруға бағытталған тәжірибелік оқыту алаңын құру. Оқу барысында қатысушылар жайылымды қалпына келтіру, мал азығын молайту, суару жүйелерін жетілдіру және заманауи агротехнологияларды қолдану бойынша білім алады. Бұл әдіс ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.


Бөлісу