Басты Жаңалықтар Райымбек ауданының 90 жылдығы тойланды

Райымбек ауданының 90 жылдығы тойланды

«Хантәңірі қазынасы». Алматы облысы Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай халықаралық этнофестиваль өтті. Ауқымды шара аясында Хантәңірі баурайында орналасқан Шалкөде жайлауында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігілді. «Жолан жүйрігі» республикалық аламаны мен ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтіп, жеңімпаздарға қомақты жүлде табысталды. Мерекелік шара «Таза Қазақстан» акциясымен түйінделіп, қатысушылар жайлаудан 7 тонна қоқыс жинады.  

Ұлт руханиятының алтын бесігіне айналған, қырмызыдай құлпырған Шәлкөде жайлауында дүбірлі думан. Асқар шыңды Хантәңірі баурайында салт-дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды. Мерекеге арнайы келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілікті өңірдің 90 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданы бірлігі жарасқан берекелі өңір екенін атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Ауданның тыныс-тіршілігі жақсы, жол жөнделді, халық соған риза. Ары қарай сол жолмен инвестиция да, туризм де келеді деген ойдамыз.

Халықаралық фестиваль аясында тарихтың терең қойнауына сапар шектіретін «Жайлау көші» сахналық қойылымы көрсетілді. Қолөнершілер мен этнодизайнерлердің, қылқалам шеберлерінің үздік туындыларынан көрме ұйымдастырылды.

Сайлау Ботабеков, қолөнерші:

Мына жерде киіз үйлерді қалай әдемі бір-бір қатардан тұрғызып тіккен. Көңілімізден шықты, ұнады. Қанша тойларда болып жүрміз, соның ішінде ең үлкен тойдың бірі осы болды.

Шараға Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Армения, Грузия елдерінен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 25 мың мейман келіп, дүбірлі тойды тамашалады. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, кіл мықтылар өзара сынға түсті. Осылайша Шәлкөде жайлауындағы этнофестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көк жайлау төсі шаттыққа бөленді.


Бөлісу