Басты Жаңалықтар 9 ауылға газ тартылды

9 ауылға газ тартылды

Жетісу облысында тоғыз ауыл табиғи газға қосылды. Осылайша Кербұлақ ауданындағы 1400-ге жуық түтін, 6 мыңнан астам тұрғын көмір тасып, күл шығару машақатынан құтылды. Бүгінде өңірді  газдандыру деңгейі 67 пайыздан асқан. Қазір тағы 16 елді мекенде инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба  аяқталған соң көгілдір отынға қол жеткізген ауылдар саны 126-ға жетіп, көрсеткіш 72 пайызға дейін артады. Бұдан бөлек, алдағы екі жылда 6 ірі жоба іске асады. Ол үшін «Талдықорған – Үшарал» магистралі арқылы 84 елді мекенге газ тарту жоспарланған. Жоба сәтті жүзеге асса, 600 мыңнан аса адам өркениет игілігін көрмек. Қазір жауаптылар қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр.

Айдос Бекетаев, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

Қазір бюджеттік ұсыныс беріп қойдық. Жақын арада, осы үшінші тоқсанның соңына дейін, біз оны бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. 2028 жылдың басына дейін біз 84 елді мекенді газдандыруымыз керек. Сонда бізде 210 елді мекен толықтай газдандырылады. Жалпы халық санының 94 пайызы қосылады.
Бөлісу