Басты Жаңалықтар Испания командасы ширек финалға өтті

Испания командасы ширек финалға өтті

Бес дүркін алтын доп иегері Криштану Роналду әлем біріншілігіндегі жарыс жолын аяқтады. Кеше түнде Португалия құрамасы плей-офф кезеңінде испаниялықтарға жол берді. Доп додасының айшықты сәттерін АҚШ-тан Шерхан Жамбылұлы жеткізеді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Далласта қызу қарбалас. Себебі Пиреней түбегінің қос алыбы Португалия мен Испания құрамалары жасыл алаңда бар күшін салуға ниетті. Ал жанкүйерлер футбол жұлдыздарын тамашалау үшін таң сәріден стадионға ағылып жатыр.
Футбол көрермендері үшін бұл нағыз мереке. Азулы құрамалардың ойынын тамашалау жанкүйерлердің арманы. Осы бір тарихи сәтте көпшілік суретке түсіп, осы бір сәтті естелікке сақтап жатыр. Ту ұстап, жейде кигендердің қатарында әрине Роналду мен Ямальдың жанкүйерлері көп.
Родриго, жанкүйер:
Дәл қазір Ламин Ямаль үздік ойыншылардың бірі. Ол жас, жылдам әрі өте қауіпті футболшы. Әрине, Роналду да аңыз ойыншы. Оның жетістігі жетерлік. Бүгін ол гол соғып, әйгілі тойлауын көрсетеді деп ойлаймын.
Техастағы аптап ыстық футбол мерекесіне кедергі болмады. 70 мың адам сиятын стадионда ине шаншыр орын жоқ. Қос құрама бұған дейін 41 мәрте кездескен. Соңғы кездесулер тең аяқталды. Жанкүйерлер бұл жолы да тартысты кездесу болатынына сенімді.
Вивиана, Португалия жанкүйері:
Бұл керемет оқиға. Стадиондағы көрермендер футболшыларды барынша қолдап жатыр. Осындай тарихи ойынға келгеніме қуаныштымын. Сүйікті ойыншым Криштиану Роналду бүгін бірнеше гол соғады деп сенемін.
Төреші сықырығы естілісімен испаниялықтар шабуылға лап берді. Бірнеше рет қақпаға қауіпті соққы жасады. Дегенмен Диогу Кошта шеберлігімен көзге түсіп, командасын голдан сақтап қалды.
Португалия құрамасының да ұрымтал сәттері болды. Криштиану Роналдудың аяғынан серпілген допты қақпашы тосып алды.
Ойын тағдырын жалғыз гол шешіп кетті. Матч аяғында қосалқы құрамнан алаңға шыққан Микель Мерино соңғы минутта гол соғып, командасын ширек финалға шығарды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Роналду жарысты аяқтады. Әлем кубогындағы аңыз футболшының соңғы ойыны Испаниямен өтті. Ал қызыл фурия бүгін тартысты өткен ойында жеңісті жұлып кетті. Бүгін Испанияда дүбірлі думан.


Бөлісу