Америкадағы аладоп аламанының атмосферасы
Төрткүл дүние түгел көз тігіп отырған төрт жылдықтың басты бәсекесінің басталғанына үш аптадан асты. Жанкүйерлер түн ұйқысын төрт бөліп, жасыл алаңдағы жан алысып жан беріскен матчтарға көз тігіп отыр. Америкадағы аладоп аламаны қызған сайын, бәсекенің бәсі де артып келеді. Бүгін Далласта Португалия мен Испания құрамалары кездеседі.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Даллас қаласында қазір қызу қарбалас. Жанкүйерлер жан-жақтан ағылып жатыр. Тұтас қала футболмен тыныстап жатқандай.
Жанкүйерлер Португалия құрамасы тұрақтаған қонақүйдің маңайын торуылдап жүр. Барлығының арманы футбол жұлдызы Роналдумен суретке түсу.
София, жанкүйер:
Мен Криштиану Роналду мен Витиньяны жақсы көремін. Өкінішке қарай бүгін оларды көре алмадым. Жалпы Далластағы атмосфера керемет. Көпшіліктің футбол мерекесіне атсалысып, ерекше көңіл күй сыйлап жүргені ұнады.
Қала орталығында полиция патрульдері күшейтілген. Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, жанкүйерлерге бағыт-бағдар беріп жүр.
Тревор Элиос, полиция офицері:
Даллас өте қауіпсіз қала. Біз бұл қаланы жақсы көреміз. Мұнда келген қонақтардың бәрі жақсы әсер алып жатыр деп сенемін. Меймандарды әрдайым қуана қарсы аламыз.
Ендігі бағыт фан фестиваль. Алайда аспанды бұлт торлап, уақытша кіруге шектеу қойылды. Көп ұзамай жаңбыр құйды. Дегенмен жанкүйерлердің көңілі түскен жоқ.
Сәлден соң фан аймақ ашылып, көпшілік ішке ағылды.
Ашық алаң астындағы аумаққа 35 мың адам жиналған. Жанкүйерлер би билеп, әндетіп футбол тойын думанға айналдырды.
Лусия, жанкүйер:
Мен үшін Әлем чемпионаты мексикалық мәдениетті әлемге танытатын мүмкіндік. Қараңызшы қаншама адам жиналды. Біз өз рухымызды, бірлігімізді көрсетіп жатырмыз.
Бұдан бөлек қала орталығында да ашық аспан астындағы көрсетілімдер ұйымдастырылған. Жанкүйерлер алып экраннан футбол тамашалады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сонымен Криштиану Роналдудың әлем біріншілігіндегі соңғы жорығы жалғаса ма? Әлде жас жұлдыз Ламин Ямаль бастаған қызыл фурияның қарқыны қатты бола ма? Түн жарымда Ұлттық арна мен «Qazsport» тамашалаймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы