Басты Жаңалықтар Әлем кубогы: Үздік 16 команда анықталды

Әлем кубогы: Үздік 16 команда анықталды

Футболдан әлем біріншілігіндегі үздік 16 құрама анықталды. Кеше түнде плей-офф кезеңінің алғашқы айналымы өз мәресіне жетті. Жанкүйерлерді телеарнаға телмірткен доп додасы жайлы әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Даллас қаласы кезекті мәрте аладоп аламанының орталығына айналып отыр. Жанкүйерлер стадионға асығуда. АҚШ-та ертең басты мереке, тәуелсіздік күні. Осылайша қос бірдей мейрам астасып, дүбірлі думанға ұласып жатыр.

Аустралия мен Мысыр жанкүйерлерінің әлем кубогындағы сапары жалғасып жатыр. Олар маңызды матчқа бірнеше сағат бұрын келіп, стадион маңына ерекше рең берді. Әсіресе Мысыр жанкүйерлері де белсенді. Олар перғауын бейнесінде келіп, шығыс нақышымен стадион маңындағы атмосфераны қыздырды. Екі елдің жанкүйерлері матч басталмай жатып-ақ айналаны футбол тойына бөледі.

Аустралия жанкүйерлері де матчқа ерекше дайындалған. Күннің аптабына қарамастан, кейбірі кенгуру  киімінде келген.

Мысыр жанкүйерлері үшін бұл матчтың маңызы ерекше. Мұхамед Салахтың қатарға қосылуы олардың үмітін еселеді.

Мохаммед, Мысыр жанкүйері:

Атмосфера керемет. Мен Техасқа алғаш рет келдім. Мысыр құрамасының ойынын да бірінші мәрте стадионнан көріп тұрмын. Сондықтан бұл күн мен үшін ерекше. Біздің команда өте мықты. Ойыншыларға толық сенеміз. Олар бүгін барын салып, жеңіске жетеді деп үміттенеміз.

Ал жасыл құрлық өкілдері әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі алғашқы жеңісін көздеп отыр.

70 мың жанкүйердің арасында көк туымызды  ұстаған көрермендер де бар.

Салах бастаған жігіттер ә дегеннен-ақ шабуылға ұмтылды. Осылайша  13 минутта мысырлықтар алға шықты.

Алайда Аустралия бұл біріншілікке жайдан-жай келмегенін тағы да дәлелдеді. Олар екінші таймда айып добынан таразы басын теңестірді

Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Пенальти сериясында мысырлықтардың жолы болды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иә жан алысып, жан беріскен матч болды. Қос құрама да жеңіске лайықты. Дегенмен футболда бір ғана жеңімпаз. Және ол бүгін Мысыр құрамасы.
Бөлісу