Басты Жаңалықтар Балқаш маңына коммуналдық жағажайлар мен темір жол вокзалы салынады

Балқаш маңына коммуналдық жағажайлар мен темір жол вокзалы салынады

Балқаш көлінің іргесінде 3 бірдей коммуналдық жағажай салынады. Оның алғашқысы ай соңында ел игілігіне берілмек. 6 гектар аумақта коммерциялық нысандар, санитарлық тораптар, автотұрақтардан бөлек, ана мен бала бөлмелері қарастырылған.  Жағажай бір мезетте 3 мың адамды қабылдауға арналған. Одан бөлек, аумағы 14 гектар болатын «Балдәурен» жағажайының да құрылысы басталғалы тұр. Қазір жергілікті билік құжаттарын реттеп, конкурс жариялады. Оның аумағы 14 гектарға жуықтайды. Бұған қоса күз келе тағы бір жағажайдың құрылысы басталмақ. «Этно» шомылу аймағында түрлі ұлт пен ұлыстың мәдени нақыштары қолданылады.

Марлен Көлбаев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:
Биыл біз екеуін жыл соңына дейін бітірсек, күзде «Балдәуренді» бітіреміз. Келесі суға түсу маусымы басталғанға дейін үшінші жағажай бітеді. Келесі суға түсу маусымына үш жағажай да істеп тұратын болады.
Былтыр туристік аймаққа демалу үшін 120 мыңға жуық адам келген. Оның 10 мыңнан астамы – шетелдік туристер. Биыл бұл көрсеткіш 150 мыңға жетеді деген болжам бар. Туристер ағынын арттыру үшін Лепсі ауылында теміржол вокзалының құрылысы жүріп жатыр. 1924 жылы салынған ескі станса толық сүріліп, оның орнына жаңа вокзал бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жобаға 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Жауаптылар нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Ақтөре Қияс, Лепсі ауылдық округінің әкімі:
Ғимараттың толық көлемі – 600 шаршы метр. 800 метрлік перроны бар. Заманға сай вокзалдардың бірі болады деп отырмыз. Аяқталу уақыты шамамен 2026 жылдың желтоқсан айы.


Бөлісу