ӘЧ-206: Атлантада англияның асығы алшысынан түсті
Футболдан Әлем біріншілігі бел ортасынан асты. Кеше түнде тағы бірнеше ойын өтті. Атланта қаласында біріншіліктің басты фавориттерінің бірі Англия құрамасы қара құрлықтағы азулы құраманың бірі Конго демократиялық республикасының ойыншыларымен кездесті.
Атланта метросы. Ойынға асыққан мыңдаған жанкүйер. Солардың арасынан бас киімінде Қазақстаның байрағы бейнеленген ағылшын жанкүйерін жолықтырып қалдық. Айтуынша 2009 жылы Алматыда өткен Қазақстан Англия ойынына келіп, сыйлыққа қалпақ алған. Содан бері маңызды матчтарға тек көк туы бар бас киіммен келеді.
Ян Дринкуотер, Англия жанкүйері:
2009 жылы Қазақстан мен Англия жанкүйерлері болып футбол ойнадық. Сол кезде жергілікті жігіттер маған жейде мен осы бас киімді сыйлаған. Содан бері бұл менің сүйікті футбол атрибутым. Қазақстан сапары ерекше әсер қалдырды. Алматының тауы, стадиондағы атмосфера, халықтың ақ пейілі бәрі де есімде.
Атлантаға Астанадан арнайы ат терлетіп барған жерлестеріміз де бар. Ал Конго жанкүйерлері ерекше дайындығымен көзге түсті.
Альберт, Конго жанкүйері:
Мен бүгін қабылан бейнесіндегі бас киім киіп келдім. Костюмім де соған сай. Себебі Конго құрамасының лақап аты - қабыландар. Біз бұл турнирге жай қатысу үшін келген жоқпыз. Біз кубокты жеңу үшін келдік. Алаңда да, алаң сыртында да жеңіске жетеміз.
Футурустикалық көрінісімен таңғалдырған Атланта стадионы. Жанкүйерлер де ерекше костюмдерімен тәнті етті. Арыстандар бейнесіндегі ағылшындар, туларын желбіреткен көпшілік, бақсы боп боянған көрермен кездесу сәнін келтірді.
Ойын күтпеген голдан басталды. Жетінші минутта Конгоның жартылай қорғаушысы Сипенга Пикфорд қақпасынан саңылау тапты.
Осыдан кейін ағылшындар шабуылға ден қойғанымен түк шықпады. Конго қақпашысы бірнеше мәрте қауіпті соққыны қайтарып, шеберлігімен көзге түсті. Дегенмен Харри Кейн гол соғуды кейінге қалдырмай, ойын соңына қарай дубль авторы атанды. Британдықтар келесі кезеңге өтті.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Арыстандар қара қабыландарды қапы қалдырды. Англия құрамасы бүгін мінез танытты. Матч аяқталғанына біршама болса да жанкүйерлер трибунадан кетер емес. Олар өз командасына құрмет көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы