Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

LRT 1,5 айда 3 млн жолаушыны тасымалдады

Астанада ЛРТ-ның іске қосылғанына 1,5 ай болды. Осы аралықта жүрдек пойызбен 3 миллионнан астам жолаушы қатынап үлгерді. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір күніне 65-75 мың адам мінеді. Ұзындығы 22 шақырымнан асатын желіде 15 жүргізушісіз пойыз құрамы бар. Әрқайсы 600 жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50-60 шақырым болса, қозғалыс интервалы 5-6 минут.
Бір сыныпта екі мұғалім сабақ береді
Енді бір сыныпта бірден екі мұғалім сабақ беруі мүмкін. Елде арнайы пилоттық жоба басталды. Ол әуелі Павлордар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте енгізіледі. Бір мұғалім онлайн сабақ береді. Екіншісі сыныпта оқушылардың тапсырманы орындап жатқанын бақылайды. Мәселен, физика мұғалімі қашықтан тақырыпты түсіндірсе, сыныптағы мұғалім техникалық жағын реттеп, тәртіпті қадағалайды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл бастама кадр тапшылығын реттеу үшін қолға алынған. Осылайша, шалғайдағы мектеп оқушылары да тәжірибелі мамандардан сабақ алады. Жаңа оқу жылында жобаға 2 жарым мың мектеп қосылады.
Инфрақұрылым жаңартылады
6 өңірде коммуналдық инфрақұрылым түгел жаңарады. Қазынадан 27 млрд 300 миллион теңге бөлінбек. Шығыс Қазақстанда су құбырларын ауыстыру көзделіп отыр. Қазір 60 пайыздан астамы тозған. Жамбыл мен Қостанайда жылу желілері жаңартылады. Ал Батыс Қазақстан мен Жетісуда каналицациялық желілерді қайта орнату жоспарланып отыр.
Азия чемпионаты: Қазақстан 20 медаль алды
Қазақстан күрестен Азия чемпионатында бірден 20 медаль жеңіп алды. Қоржынға төрт алтын, бес күміс және он бір қола түсті. Таиландтың Паттайя қаласында үш күн қатарынан өтіп жатқан жарысқа 20 шақты елден 500-ден астам спортшы келген. Әзірге біздің ел еркін күрестен жалпыкомандалық есепте 4-орында. Жарыс 5-шілдеге дейін болады.


Бөлісу