Басты Жаңалықтар Ресейде қазақ мәдениетінің күндері өтті

Ресейде қазақ мәдениетінің күндері өтті

Ресейдің бірқатар өңірінде қазақ мәдениетінің күндері өтті. Мәдени-гуманитарлық жобалар Қазақстан мен Ресейдің арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, қазақ халқының бай тарихи мұрасы мен ұлттық өнерін насихаттау басты мақсат.

Мәдени күндер Түмен, Екатеринбург, Қазан қалаларында өтті. Көпшілікке дәстүрлі ән-күй кештері, театрландырылған қойылымдар, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері ұсынылды. Кітап және фотокөрмелер де көптің қызығушылығын оятты.
Есенғали Ыбраев, Ресей қазақтарының Федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:
Жыл сайын мәдени күндерінің ауқымы кеңейіп келеді. Бұл күндері барлық өңірдегі ұлттық өнер ансамбльдері өз бағдарламасын ұсынады. Жыл сайын ұлттық топтардың артып келе жатқаны да қуантады.
Шапағаты мол шараға өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытуда. Олар мәдени күндердің аясында қолөнер шеберлерінің жұмыстарымен танысты. Балалар мен жастар үшін шеберлік сабақтары, этноойындар және танымдық кездесулер ұйымдастырылды.
Елена Васильева, Екатеринбург қаласының тұрғыны:
Бұл мен үшін керемет мереке. Мен қазақ халқына ерекше жылы ықыласпен қарсы алып, мерекеге қатыстырғаны үшін алғысымды білдіремін. Біздің жергілікті қазақтармен достығымыз ешқашан үзілген емес.
Бүгінгі күні Ресейде 590 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Олар негізінен Астрахань, Орынбор, Омбы, Саратов және Волгоград облыстарында шоғырланған. Ел аумағында ондаған қазақ ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істеп, ана тілі мен ұлттық дәстүрді сақтауға бағытталған тұрақты жобаларды жүзеге асырып келеді.


Бөлісу