Табиғатты қорғау демалыстан кейінгі тазалықтан басталады
Күн жылынғанда ел тұрғындары бос уақытын табиғат аясында – демалыс орындарында, саябақтарда, өзен-көлдердің жағасында өткізеді. Алайда табиғатқа шығумен бірге демалыс орындарында қалатын қоқыс мәселесі де өзекті бола түседі.
Пластикалық бөтелкелер, пакеттер, бір реттік ыдыстар, шыны қалдықтар табиғаттың көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Кейбір қалдықтар ұзақ жылдар бойы жойылмай, топырақ пен су көздерін ластайды. Ал шыны бөтелкелер адамдар мен жануарларға қауіп төндіріп, ыстық күндері өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Демалыстан соң әр адам өзінен кейін қалған қоқысты жинап, арнайы орындарға тастауы керек. Бұл – табиғатқа деген құрметтің және азаматтық жауапкершіліктің белгісі.
Қазақстанда экологиялық
мәдениетті қалыптастыру бағытында аумақтық экология департаменттері тұрақты
жұмыстар атқарып келеді. Мамандар тұрғындармен кездесулер өткізіп, қоршаған
ортаны қорғау, қалдықтарды дұрыс басқару және табиғатты ластамау туралы
түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу
орындарында дәрістер өткізіліп, экологиялық акциялар мен түрлі қоғамдық
іс-шараларға қатысады.

Экологиялық мәдениетті
арттыруда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының маңызы зор. Бұл
бастама аясында мемлекеттік органдар, ұйымдар және белсенді азаматтар бірігіп,
елді мекендерді тазарту, заңсыз қоқыс орындарын жою және табиғи аумақтарды
қорғау бағытында жұмыстар жүргізуде.

Табиғатты ластағаны үшін тек
экологиялық зиян емес, заң алдында жауапкершілік те қарастырылған. Қазақстан
заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарды, саябақтарды, су айдындарын және басқа да
аумақтарды ластаған азаматтарға айыппұл салынуы мүмкін.


Таза қоршаған орта – әр адамның күнделікті жауапкершілігінің
нәтижесі. Табиғатта тәртіп сақтау, экологиялық акцияларға қатысу және табиғи
ресурстарға ұқыпты қарау арқылы Қазақстанның әсем табиғатын сақтап, болашақ
ұрпаққа қолайлы орта қалдыра аламыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы