Басты Жаңалықтар Ресейде қазақ мәдени орталықтары көбейіп келеді

Ресейде қазақ мәдени орталықтары көбейіп келеді

Ресейде қазақ мәдени орталықтарының саны көбейіп келеді. Қазақы болмысты ұлықтап, салтын дәріптеп, мәдениетін насихаттап жүрген ұйымдардың саны 60-тан асады. Алдағы уақытта Мәскеуде қазақ ақпараттық-мәдени орталығы да ашылмақ. Тілші тарқатады.

Тек қана Омбы облысында 10-ға жуық ұлттық ансмабль жұмыс істейді. Әрқайсысы қазақ өнерінің өзегін сақтап, ұлттық дәстүрдің нәрін жас ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтады. Жыл өткен сайын би топтарының саны артуда. Ал Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндерін өткізу дәстүрге айналған.
Есанғали Ыбраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:
Тек қана облыс орталығы емес, аудандарда да қазақ ұлттық автономиясының өкілдігі белсенді. Сондықтан біз өткенге есеп беріп, болашаққа бағдарды айқындау үшін өзіміз қазақ мәдениетінің күндерін өткіземіз. Жалпы қазақтың барлық ұлттық мейрамдарын да атап өтеміз.
Өңірдегі театрда қазақ тілінде қойылымдар қойылуда. Төменде 150-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті тіршілік кешеді. Солардың ішінде 20 мыңға жуық қазақ бар. Жергілікті халықтың айтуынша, мұндағы қандастар қоғамдық өмірде белсенді. Қазақ тілін жетік меңгеруге де ден қойған.
Хәлел Омаров, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілі:

Арамызда қазақ тілінен ұстаз болатын кісі аз. Ана жерден, мына жерден, Қазақстанға оқуға жіберіп, қазір солар оқытып жатыр. Әр ауданда мұғалімдеріміз бар. Бірақ бір-бірден ғана.

Ресейдегі қандастар қазақ тілі маманының мәселесі шешілсе, жастар тарапынан ана тілін үйренуге ниет білдіргендер көп, дейді. Сонымен қатар, жуырда шығарылған қазақ тілі оқулықтары барлық өңірлерге таратылды.


Бөлісу