Басты Жаңалықтар Азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетілді

Азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетілді

Интернет алаяқтың құрбаны болып, шоттарыңыз бұғатталса «Халық заңгерінің» көмегіне жүгініңіз. Білікті мамандар осы және өзге де сұрақтар бойынша тегін құқықтық көмек көрсетуге дайын. Бүгін елордада 18 мемлекеттік орган өкілінің қатысуымен акция өтті. 100-ге жуық тұрғын кеңес алып үлгерді.

Акция биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Мақсаты – қазақстандықтардың құқықтық сауатын арттырып, заңдық тұрғыда көмек көрсету. Шара аясында құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган өкілдері, адвокаттар мен нотариустардан тұратын 25  маман қабылдау жүргізді.

Ботакөз Қайролла, Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры:

Қарапайым халық мәселесі бойынша қандай мемлекеттік органға жүгіну керегін білмейді. Сондықтан біз шалғай аймақта орналасқан жерлерге шығып, жеке қабылдау да өткіздік. Яғни барлық мемлекеттік орган өкілдерін бір жерге шоғырландырып, тегін көмек көрсеттік. Қамтыған халық саны әрбір қабылдауда әртүрлі. Осы күнге дейін 800-ден астам халық келді.

Азаматтарды әлеуметтік несие қарыздары, жер телімдерін заңдастыру, субсидия алуға байланысты сұрақтар мазалайды. Алимент өндіру тәртібіне қатысты сауалдар да аз емес, дейді ұйымдастырушылар. Мамандар биыл осындай 50 істің заң аясында шешілуіне көмектесткен. Интернет-алаяқтыққа байланысты бұғатталған шоттардың да саны артқан. Биыл елорданың өзінде осындай екі мыңға жуық дерек тіркелді.

Медет Есімов, жеке сот орындаушы:

Шоттарды шешудің қандай жолдары барын біз айтып, түсіндіріп, жеке сот орындаушылардың платформасына сол арқылы мамандарға электронды түрде хабарласып, шотты шешу оңайлатылған. Сот орындаушыға жүгінсе, тез шешіледі шоттар. Айлық, зейнетақы түсетін болса, сот орындаушыға арызбен жүгінсе сот орындаушы шешіп береді.

Акция «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Елордада жыл соңына дейін тағы 6 рет өткізіледі.

Бөлісу