Басты Жаңалықтар Алматы мен Дубай арасында тұрақты жүк рейстері ашылды

Алматы мен Дубай арасында тұрақты жүк рейстері ашылды

Алматы халықаралық әуежайының хабарлауынша, Emirates SkyCargo Алматы мен Дубай арасында жүк рейстерін іске қосты.

16 маусымда Emirates әуе компаниясының еншілес ұйымы Emirates SkyCargo Дубай – Алматы бағыты бойынша Boeing 777F ұшағымен алғашқы рейсін орындаған.

Алматы халықаралық әуежайы алғашқы жүк рейсін авиациядағы дәстүрлі су доғасымен қарсы алған. Қызметкерлер экипаж мүшелерін салтанатты түрде күтіп алып, тұсаукесер рәсімін өткізген.

Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша апталық жүк рейстері әр сейсенбі күні орындалады. Әуе компания аптасына 100 тоннадан астам жүк тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.   

Бұл Алматы мен халықаралық нарықта электроника, тез бұзылатын өнімдер, өнеркәсіптік жабдықтар және басқа да тұтыну тауарларын қоса алғанда, әртүрлі жүк түрлерін тиімді әрі үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік береді.

Алматы халықаралық әуежайы Emirates SkyCargo компаниясының Орталық Азиядағы алғашқы бағыты болып отыр. Жаңа жүк бағытының іске қосылуы Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия, Таяу Шығыс және әлемнің басқа өңірлері арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтады.

Фото: Алматы әуежайы


Бөлісу