Басты Жаңалықтар «Өрік FEST» фестивалі өтті

«Өрік FEST» фестивалі өтті

Алматы облысы, Ұйғыр ауданында өрік шаруашылығын халықаралық деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Жоба аясында жемістің сүйегі мен дәнін терең өңдеп, косметикалық өнімдер, дәрі-дәрмек пен табиғи май өндіру көзделген. Бұл бастама өңірдің төл брендіне айналған өрік шаруашылығының өрісін кеңейтуді көздейді. Ауқымды жоспар жайлы Ұйғыр ауданында өткен «Өрік FEST» фестивалінде айтылды. Екінші рет ұйымдастырылған шараның барысы туралы Жазира Оразқызы баяндайды.

Ұйғыр ауданы өрік өндіруден республика бойынша көш бастап келеді. Аймақта өрік бақтарының жалпы көлемі – 3200 гектар, оның ішінде 2100 гектары жеміс беретін алқаптар саналады.

Армидин Тайиров, «Ильтыз» шаруа қожалығының басшысы:

Аудан климаты осы өрік, алма, жемісті ағаштарға өте қолайлы болып отыр. Себебі ғалымдардың зерттеуі бойынша, он жылда 9 рет өнім береді.

Өрікпен қатар өңірде омарта шаруашылығының да дамуы қарқынды. Бір-бірімен біте қайнасқан қос кәсіптің берері мол. Мамандардың айтуынша, ара тозаңдандырған бақтардың өнімі де бітік, сапасы да жоғары.

Данил Колмаков, омарташы:

Біз араларды көбейтіп, тозаңдандыру бағытында жұмыс істейміз. Өсірген араларымызды өрік бақтары мен жеміс-жидек алқаптарын, егістік жерлерді баптайтын шаруаларға ұсынамыз. Бал арасы бақтарды тозаңдандырып, өнімнің мол шығуына септігін тигізеді. 

Фестиваль аясында «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» атты ғылыми конференция өтті. Ғалымдар, кәсіпкерлер мен бағбандар бас қосып, бақ шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі:

Халықаралық деңгейде, көршілес елдердің озық тәжірибелерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Түркияның өрікт жемісінен, дәнінен бастап, терең өңдейтін технологиялар косметикаға дейін май шығаруға пайдаланылады.

Өндірілген өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа жеткізілсе, қалғаны Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталады. Осылайша өрік – экспорттық өнім ғана емес, өңірдің төл бренді мен экономикасының маңызды тірегіне айналып отыр. 

Бөлісу