Басты Жаңалықтар Мемлекеттік грантты өтемегендерге қатысты 247 іс сотта қаралып жатыр

Мемлекеттік грантты өтемегендерге қатысты 247 іс сотта қаралып жатыр

Елімізде мемлекеттік грантты өтемеген 247 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр. Алайда, түлектердің барлығы айыпты емес дейді заңгерлер. Себебі, істің сотқа жіберілуіне бір ғана анықтаманың жүйеге енгізілмей қалуы да себеп болуы мүмкін. Мемлекеттік грантты қайтару талаптары қандай? Грантты өтеуден кімдер босатылады? Толығырақ Назерке Өтеген тарқатады.

Ақерке Түлкібай оқу орнын 2017 жылы грантпен бітірген. Талапқа сәйкес үш жыл бойы 2 жерде қызмет істеген. Алайда, 2020 жылы сотқа сыртынан әкімшілік іс жіберіліп, оқу ақысын кейін қайтару туралы шешім шығарыпты. Оған себеп екінші жұмыс орны туралы анықтаманың жүйеге дұрыс енгізілмеуі. Ең қызығы Ақерке істің мән-жайын шоттары бұғатталғанда бір-ақ білген.

Ақерке Түлкібай, қала тұрғыны:

Ақыр соңында сот болды. Құжаттарымды өткіздім. Ол жерде бірінші жұмысқа кіру бұйрығы, сол жұмыс орнынан шығу бұйрығы болды. Кейін келесі жұмысқа кіру бұйрығы, жұмыс жасап жатыр деген анықтама, еңбек кітапшасы, зейнетақыға түсіп тұрған ақшалардың анықтамасын өткіздім. Соларды көрсетіп, оларға қарама-қарсы шағым жаздым. Себебі менің қаншама уақытым кетті. Қанша жүйке, ақшам кетті. Сот болды. Менің пайдама шешім шығарып берді.

Заңгерлер Қаржы орталығының азаматтарға ескертпей ісін сотқа жолдауы заңсыз дейді. Мұндай жағдайда түлектер Ақерке секілді білікті маманға жүгініп, құқығын қорғай алады. Ал егер:

Бекмырза Аманкелді, заңгер:

Грант иегері оқу бітіргеннен кейін еңбекпен өтеу мүлдем болмаса 3 жылдан кейін Қаржы орталығы сотқа арызбен жүгінеді. Сот шешімімен шоттары арестке қойылып, сумманы грант иегері төлеуге мәжбүр болады.

Қарлығаш Қалыбекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары:

Оқу орнын бітірген студенттеріміз оқу бітіргеннен кейін 2 ай көлемінде жұмысқа орналасуы тиіс. Алдағы қыркүйек айының бірінші күнінен бастап білім алуға байланысты өтем жасауы тиіс. Жұмысқа орналасқандығы туралы анықтаманы Қаржы орталығына тапсыруы тиіс.

Жұмыс орнының грантты өтеу талабына сәйкестігін Қаржы орталығы шешеді. Үш жыл бұрын бақылау автоматтандырылды. Егер орталықпен арада цифрлық келісім болса, жұмыс орны туралы ақпаратты онлайн біліп отырады. Ондай келісім жоқ болса, құжат жүзінде тапсыруы шарт. Бұл бакалаврдан кейін бірден магистратураға түскендерге де қатысты.

Ақзира Серікқали, «Қаржы орталығы» АҚ Мониторинг департаментінің жетекші маманы:

Жас маманның қателігі ЕҰУ-де оқимын, мені өздері босатсын деген дұрыс емес түсінік бар. Негізі әр жас маман өз өтінішін жазып, комиссия құрамының басшылығына жазады. Кейін барып комиссия сұрақты қарастырады. Міндеттен босату құқықтары содан кейін қарастырылады.

Магистратураға «грант» арқылы оқуға түскендер ғана өтемнен босатылады. Екінші жоғары білімді шетелде оқып келгендер үшін грантты өтеу кейінге шегеріледі.

Ал мына 8 санатқа жататын азаматтар қарыздан толық бостылады. Егер түлектің мүгедектігі болса, оқуын жалғастырса, жүкті немесе 3 жасқа дейін баласы болса, әскери қызметте жүрсе, мүгедектігі бар балаға немесе адамға күтім жасаса. Ал грантта оқыған өзге азаматтар заң талабы бойынша өтеуі тиіс.

Бөлісу