5 мыңдай адам ағза ауыстыру операциясын күтіп жүр
Елімізде 5 мыңға жуық адам ағза ауыстыру операциясын күтіп жүр. Мұндай күрделі әрі қымбат операциялар біздің елде мемлекет есебінен жасалады. Арнайы квота арқылы науқастар жоғары технологиялы медициналық көмекті тегін ала алады. Бірегей жобаның артықшылықтары туралы Нұрдәулет Сыздық тарқатады.
Кентаулық Серікбай Тауасаровтың денсаулығы сыр беріп, үшінші дәрежелі өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққалы 1,5 жылға жуықтады. Дерті асқынған сайын тынысы тарылып, дем алуы қиындай түскен. Науқас мемлекет қаржыландыратын күрделі медициналық көмекті алу үшін Жетісу облыстық көпсалалы ауруханасын таңдаған. Алғашқы ем-домын қабылдап та үлгерді. Қазір ол денсаулығының біраз жақсарғанын айтады.
Серікбай Тауасаров, Кентау тұрғыны:
Келгеніме қазір 8 күн болды. Рентгенге, анализге түсіріп, таппаған дертімді тауып отыр ғой. Қазір енді 3 рет химия аласың дейді. Содан кейін көреміз дейді. Кішірейіп, жұмсарса, операцияға түсесің деді.
Күрделі операциялар онкологиялық ауруларға ғана емес, ағза трансплантациясы, кардиохирургия, нейрохирургия және буындарды эндопротездеу бағыттары бойынша да жасалады. Мұндай медициналық көмекті алу үшін тұрғын алдымен емханаға жүгініп, қажетті тексерулерден өтеді. Кейін құжаттары дәрігерлік комиссияның қарауына ұсынылады. Оң шешім шықса науқас қолайлы клиниканы таңдап арнайы квотаға қол жеткізеді.
Мадияр Өмірбаев, облыстық көпсалалы клиниканың директоры:
15 күннің ішінде сол жолдамамен келген науқастарға біз толыққанды зерттеулер өткізіп, толыққанды диагноз қойып, емін бастаймыз. Әр науқасқа өз алдына бөлек ұсыныстар беріледі. Келесі емнің түріне, әр айда қай уақытта келіп, бізге зерттеу жұмыстарынан өтіп тұру керек екені бәрі жазылып беріледі.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Елімізде 4 мың 600-ден астам адам ағза ауыстыру отасына мұқтаж. Ал 236 мыңға жуық тұрғын онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр. Жыл сайын елде 57 мыңға жуық онкологиялық операция жасалады. Мұндай күрделі емнің құны қымбат. Ал мемлекеттік күрделі оталарға берілетін квота талай жанға мүмкіндік беріп, екінші өмір сыйлады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы