Әлемге әйгілі Cirque Du Soleil бірегей шоу ұсынды
Әлемге әйгілі Дю Солей циркі аламатылықтарға да ғаламат шоу ұсынды. «OVO» – цирк өнерінің тілімен әдемі өрілген әсерлі хикая. Аты аңызға айналған канадалық өнер ұжымы өздерінің ең танымал қойылымдарының бірін алғаш рет қазақ жеріне алып келді. Сахна сыртындағы құпиялар және аншлаг жинаған премьера жайлы әріптесім Жазира Оразқызы баяндайды.
Сахна сырты... Әдетте көрерменге көрсетіле бермейтін құпия аймақ... Бұл жерде қызу жұмыс. Әртістер қойылым алдындағы соңғы дайындығын пысықтаса, костюм мамандары сахналық образдарды реттеп жатыр.
Анар Жаншина, «Freedom Events» компаниясының маманы:
800-ден астам костюм элементтерін өздерімен бірге алып келді. 5 кір жуғыш машина, гардероб жөндейтін адамдарын алып келді. Үлкен команда шоумен бірге келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ауқымды жобаның жариялануына дейін ұзақ дайындық пен көптеген келіссөз жүргізілген. Цирк инженерлері алаңдарды мұқият тексеріп, техникалық талаптарға сәйкестігін бағалаған.
Виктория Торгунакова, Freedom Events компаниясының бас директоры:
Таңғажайып шоу үшін екі жүк ұшағымен қажетті дүниелер жеткізілді. Оның ішінде декорациялар, жарық және дыбыс құрылғылары, костюмдер мен әртістерге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Астанада өткен керемет шоуды 25 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Міне, алматылықтар тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті. Сахна төрінде қиялға толы ғажайып кейіпкерлер – көбелек, шырылдауық шегіртке, өрмекші, еңбекқор құмырсқалар, алуан түрлі қоңыздар жан біткендей тіріліп, көрерменді қиыл-ғажайып ертегі әлеміне жетелейді.
Килиан Монже, Cirque Du Soleil әртісі:
Қойылымда әркімнің өз рөлі бар. Киім де соған лайықталып, бізге ыңғайлы етіп тігіледі. Менің рөлімді толық меңгеруіме 6 ай уақыт, ал бейнеме сай грим жасауды үйренуге 3 айдай уақыт кетті.
Бірегей шоу акробатиканың шебер қимылдарын, театр өнерінің әсерлі көріністерін, әуезді музыканы, сырлы биді және көздің жауын алатын визуалды өнерді тоғыстыра отырып, жәндіктер әлемінің тылсым тарихын қойылымға айналдырады. Әр көрініс табиғаттың нәзік сұлулығын дәріптеп, көрерменді таңдандырады, тамсандырады.
Артур Дудов, Cirque Du Soleil әртісі:
Шоу өте әсерлі, киімдеріміз ашық түсті, әуендері де әуезді. Жұбайыммен бірге қойылымдағы ең күрделі трюктердің бірін орындаймыз. Көбелек бейнесінде әуеде қалықтап өнер көрсеткен сәтте көрерменнің ықыласы мен таңданысын сезіну бізге ерекше шабыт сыйлады.
Дю Солей циркі – 1984 жылы құрылған канадалық цирк ұжымы. Олар дәстүрлі цирк өнеріне жаңаша тыныс беріп, акробатиканы, театрды, музыканы және көркем визуалды шешімдерді бір арнаға тоғыстырды. Аты аңызға айналған цирктің шоуларын әлемнің 86 елінде, 6 құрлықта 400 миллионнан астам көрермен тамашалаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы