Қазақстандағы конституциялық реформалар Еуропарламентте талқыланды
Қазақстандағы Конституциялық реформалар Еуропалық парламентте талқыланды. Алқалы жиынды еліміздің Бельгиядағы елшілігі Еуропарламент депутаттарымен бірігіп ұйымдастырды. Шараға Еуропалық институттардың, Еуропарламенттің үш партиясының өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты. Саясаткерлер елдегі саяси жаңғыру үдерісіне жоғары баға беріп, ЕуроОдақ пен Қазақстан қатынасын күшейту жайын қаузады.
Қазақстанның супер президенттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға көшуі-демократияның дамуының айқын көрінісі, дейді еуродепутаттар. Сырт көз сыншылардың пайымынша, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, азаматтардың құқықтарына басымдық беру-әділетті мемлекет құрудың маңызды қадамы.
Жорон Виржини, Еуропалық парламент депутаты:
Президенттеріңіз ел үшін ауқымды іс атқарып жатқанын байқап отырмын. Өзгерістерді халықтың талқысына салып, референдум өткізу де Орталық Азияда тек сіздердің елдеріңізде бар озық тәжірибе. Мұның барлығы Президенттің халыққа жақын болуға, олардың демократиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұмтылысының белгісі. Халық та осы өзгерістерді қалап, өз таңдауын жасады.
Еуродепутаттар Қазақстанда Вице-Президент лауазымын енгізу, Халық кеңесін, бір палаталы Парламент құру бастамасын да қолдап отыр. Айтуларынша, бір палаталы парламенттік жүйе заң шығару процесін жеделдетіп, шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Саяси билік институттарын жетілдіру елдегі бюрократияны азайтып, демократияны күшейтеді, дейді еуропарламентарийлер.
Тьерри Мариани, Еуропалық парламент депутаты:
Вице-президент лауазымы мәселе туындаған жағдайда белгілі бір тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз етеді. Мәселен, Франция Конституциясында вице-президент лауазымы жоқ. Президент отставкаға кеткенде немесе қайтыс болған жағдайда, оның міндетін Сенат Төрағасы атқарады. Бұл өте күрделі. Себебі оның орнын саяси сенімге ие емес немесе мемлекет басқару үшін қажетті қасиеттерден жұрдай адам иемденуі мүмкін. Сондықтан мен Президентпен тығыз қарым-қатынаста, бір тақырыпта жұмыс істейтін вице-Президенттің болуы жақсы бастама деп есептеймін.
Мұндай реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтуге ықпал етеді, дейді депутаттар. Басқосуға қатысқан сарапшылар да тың өзгерістер елдің саяси дамуы мен демократиялық институттардың одан әрі нығаюына жол ашады деген сенімде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы